Атыраулық жастар «Эко-демалыс» ұйымдастырды
Жуырда «Жасұлан» бірыңғай балалармен мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Индер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары жәнетұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесіп, «Қоршаған ортаны қорғау» жобасын қолға алды. Алғашқы жұмыс 18-35 жастағы жастар арасында «Эко-демалыс» дала тазалығын ұйымдастырудан басталды.
Аудандық жастар ресурстық орталығы және білім бөлімінің бірлесуімен кәсіптік техникалық колледж студенттері, кенттегі орта мектептердің жас педагогтарынан құралған топтар қоқыс полигоны аумағында «плоггинг» әдісімен тазалық жұмыстарын жүргізді.
Барлығы 70-тен астам адам жұмылып, бір тоннадан астам қоқыс жинады. Әр топтың жинаған қоқыс қалдығының салмағы өлшеніп, ең көп үлес қосқан топтар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Бірінші орынды Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжі жеңіп алса, аудандық аурухана ұжымы екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынды С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің ұжымы иеленді.
Ауа райының ызғарлы, қарлы күніне қарамастан, табиғатқа жанашырлық танытқан қатысушыларға«Сәке sushi» дәмханасының сертификаттары табыс етілді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Индер ауданы