БАЯҒЫ ЖАРТАС – БІР ЖАРТАС

Астанада «32 шілдеден» кейін «32 қазан» да бола ма?

Былтыр «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында салынып жатқан жеті түйткілді нысанмен әуре-сарсаңға түсті. Бүгінде соның алтауының мәселесі түбегейлі шешілді. Әрине, жергілікті атқару органдарының және ҚТҚЖБ жанындағы қоғамдық кеңестің араласуының арқасында. Ал, Астанадағы сақалды құрылыс алынбас қамалға айналды – пайдалануға әлі күнге дейін берілген жоқ. Айта кету керек, осы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге 242 отбасы 2013 жылдың желтоқсан айында көшіп кіруге тиіс болатын.

 

Бұл өзі қырсық шалған кешен болды. Әкімдік қызметкерлерінің сөзіне сенсек, «Алтын XXI» құрылыс салушы компания бұған дейін сенімді серіктестердің санатында болып келген көрінеді. Тұрғын үй кешенінің кешеуілдеуінің сыры мынада: жылу жүргізудің екі түрлі жобасы пайда болған. Соның әлі бекітілмегені жүзеге асқан. Сосын жергілікті коммуналды шаруашылық қызметкерлерімен және басқа да қызмет өкілдерімен арада қиындық туындағаны түсінікті жайт. Содан құрылыс мүлде тоқтап қалған. Пәтер иелері болса, еңсесін тіктеп, тобымен әкімдікті торуылдай бастады. Әкімдіктегілер алдымен «Алтын XXI»-ге сілтесе, соңында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қарай саусағын шошайтқан. Ал, ҚТҚЖБ жанында қоғамдық кеңес бар. Онда танымал, беделді адамдар бас қосқан. Олар – керемет із кесушілер.

Мінекей, жаз да өтті.

Маусым айының басында мәселені талқыға салып, себебін анықтау үшін Кеңес басшысы Сейітқазы Матаев құрылыс алаңында банк клиенттерінің, әкімдік өкілдерінің және құрылыс салушы компанияның басын қосты. Мен сонда болдым. Бәрін көзіммен көрдім, құлағыммен естідім. Төбелеске дейін жете қойған жоқ. Түнерген аспанға, аңызақ суық желге қарамастан, кездесудің көрігі барынша қыза түсті. Пәтеріне қол жеткізе алмай отырған адамдар ызаға булыққан: көбісі пәтер жалдап тұрып жатыр. Өз баспанасына қол жеткізе алмай, пәтерге жалдау ақысын төлеп келеді.

Әмина: – Мен Семей өңірінің тумасымын. Астанаға келгеніме төрт жыл болды. Қызыммен пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ол – студент. Осы құрылысшылар мен әкімдік мені тонап бітті. Прокуратура неге үнсіз?..

Дмитрий: – Мен жұмыс істейтін фирма жалдаған пәтерімнің 50%-ын екі жыл бойы төлеп отырды. Мамыр айында бұл бағдарлама опциясының жабылатынын айтты. Өйткені, дағдарыс. Ал, менің пәтерімнің, бұл кешеннің қашан пайдалануға берілетіні беймәлім.

Маусым айында «Астана қ. Құрылыс басқармасы» ММ басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қабағы қатулы клиенттерінің алдында: «Егер нысан 31 шілдеге дейін тапсырылмаса, онда мен қызметімнен кетемін», – деп мәлімдеген болатын.

– Сіздердің таққан айыптарыңызбен келісемін. Жауапкершілік менің мойнымда. Қолайсыздық тудырғанымыз үшін кешірім сұраймын. Бұл жерде тапсырыс берушінің де, мердігердің де кінәсі бар. Кешен 31 шілдеде пайдалануға берілмесе, өз еркіммен қызметтен кетуге өтініш жазамын…

Шыжыған шілде де өтті. Сосын тамыз айы девальвациямен есте қалды. Қыркүйек те сырғып өтті. Қазан болды, қырау түсті. Бірақ, кешен тапсырылған жоқ. Айтуғанов мырза болса, сол орын-тағында әлі отыр. ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңестің сол «кездесу» орнына қайта баруына тура келді. Бұған күтпеген жерден ең алдымен Ержас Айтуғановтың өзі келді.

Сейітқазы Матаев:

– Мұндай мәлімдемеңізден кейін сіздің келгеніңізге қуанып отырмыз! Сіз нағыз ер азамат екенсіз!

Сергей Пономарёв (Қоғамдық кеңес мүшесі):

– Шынымды айтсам, сізді қызметтен кетуге өтініш жазып әкелген екен десем…

«Айыптының» сөзіне сенсек, ол бұрынғы басшысына да, жаңа басшысына да екі рет өтініш жазыпты. Екеуі де өтінішті қабылдаудан бас тартқан. «Басты қатырма! Сен – мемлекет қызметкерісің. Ендеше, елге қызмет ет! Сен құрылыс батальонының солдатысың. Әзірге басқаға орныңды өткізбейсің. Басқа адам жоқ» дегендей. Сондықтан, Ержас Айтуғанов «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттеріне «кешен 31 қазанға дейін пайдалануға беріледі» деп тағы да сендірмек болды.

Сейітқазы Матаев басын шайқап:

– Менің туған күнім – 31 қазан. Егер кешен пайдалануға берілмесе, туған күнімді тойламайтын болдым, – деп күрсінді.

Ал, 32 қазан біздің күнтізбемізде жоқ емес пе!? Енді бола қояр ма екен?..

Билеңіз, сізге хат!

Биыл «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» шүйліккендердің ішінде Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ерекше көзге түсті. Оның Парламент мінберінен және бұқаралық ақпарат құралдарында айтқан сөздері ҚТҚЖБ салымшыларын біршама елең еткізді. Сондағы таққан айыбының жөн-жосығы мынаған саяды: «Банк «аралық тұрғын үй заемы» арқылы отандастарымызды тонап жатыр-мыс». Егер екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық кредиттер мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозиттерді салыстырып көрсеңіз, не десеңіз де, соңғы банк ұтымды болып шығады. Сенбесеңіз, көбейту кестесі деген бар емес пе?! Астанадағы кездесу барысында Сейітқазы Матаев Т.Өмірзақовқа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерінің  депутаттың мәлімдемесіне наразылық білдірген 100 хатын (нақтырақ айтқанда, ол хаттар 300-ден асып жығылады) тапсырды. Ол хаттар «халық қалаулысына» ҚТҚЖБ бағдарламаларының барлық пайдалы тұстарын анық көрсетіп берді.

Тұрсынбек Қазенұлы (пәтеріне қол жеткізе алмай отырған тұрғындар оның осы жиында төбе көрсететініне күмәнмен қараған болатын) аздап қысылып қалды. Бірақ, ол банк өнімдеріне қатысты жұмыстың жүйесінен хабары шамалы екенін түсінген сыңайлы. Сосын ел-жұрттың алдында, Қоғамдық кеңестің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өнімдерін ілгері жылжытуға және салымшыларының мәселесін шешуге таптырмас құрал екенін мойындады. Ду қол шапалақ ахуалдың қызуын біршама баса түсті. Жұрт назары «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жаңа одақтасына ауған секілді…

Бүгінде, айтпақшы, Астана әкімдігі «Алтын XXI» ЖШС-мен барлық даулы мәселелер бойынша соттасып жатыр. Алайда халықты қызықтырып отырған жайт бұл емес.

Енді қашан?

Астана қаласының әкімдігі өкілдеріне сенсек (соның ішінде Айтуғанов мырза да бар), қараша айында жаңа қоныс иелері жиһаздарын және басқа да асай-мүсейлерін әкеп, пәтерлерін жайластыра бастамақ. Қазан айының аяғына дейін барлық коммуникацияларды сынақтан өткізу шаралары аяқталуы тиіс…

Маусым айында сақалды құрылыс алаңында халықтың ашу-ызасы бұрқ-сарқ қайнап жатты. Қазан айында жылы, кең залда жағымды сөздер айтылып, ресми тұлғалардың уәделері төгіліп жатты. Бастысы – әкімдік өкілдері берген сөз. «Барлық жаңа қоныс иелері құқық бекітуші құжаттарды алуға және рәсімдеуге әдеттегідей екі ай табан тоздырмайтын болады, барынша жеделдетіп, басы-аяғы екі-үш аптаның ішінде шаруаларын тындырып береміз», – деді әкімдіктегілер. Бұл – бір.

Екіншіден, әрлеу жұмыстарының сапасына қатысты мәселе туындаса, шағымдануға болады. Олқылықтар дереу түзетілмек. 33 қазан болса, иек астында тұр. Астана әкімдігінің бар қорын осы нысанға жұмсауы тегін емес. Өйткені, құрылыс салушы компания бұл айларда жұмыс орнында мүлде төбе көрсетпеген.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Басқарма Төрағасының орынбасары Айжан Медеуова:

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға беріліп жатқан әрбір кешеннің өз қиыншылығы бар. Тапсырыс берушілер, яғни жергілікті атқару органдары мердігерлердің осал тұстарын байқамай қалады. Бұл – үлкен мәселе… Бір қуанарлық жайт: банктің салымшылары біздің тек қана қаржы операторы екенімізді түсіне бастады, – деп түйіндеді.

«Алтын XXI» салып жатқан құрылыс Астананың «Хан шатыр» кешені маңындағы сәулетті ауданда орналасқан. Іргесінде әкімшілік ғимараттар мен ірі компаниялардың кеңселері бар. Элиталық тұрғын үй кешендеріне келсек, олар кестеден бір ауытқымай-ақ салынып жатыр.

 «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің»

баспасөз қызметі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз