Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атыраулық ұстаз Балбөпе Өтенова Арыстағы жарылыс кезінде жас ананы босандыруға атсалысты

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Арыстағы жарылыс Атырау мұнай және газ университетінің доценті Балбөпе Өтенованың есінде енді ұмытылмастай болып қалады. Ол сындарлы сәттегі тұрғындардың адамгершілігіне, әсіресе Өміртаев Досмұхамед есімді жүргізуші жігіттің батылдығына ерекше риза болыпты.

Арыс қаласындағы №1 мектептің базасында Ұлттық бірыңғай тест тапсыру орталығы бар. Мұнда 21 және 23 маусымда екі лекпен сынақ өтіпті. Содан соң апелляцияға 12 адамнан тұратын комиссия дайындалып жатқанында төтенше жағдай орын алады. Балбөпе де Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлерімен бірге осы топтың құрамында еді.

– Кенет жарылыстың даусы естіліп, жұрт дүрліге бастады. Оны қалыпты жағдай санап, орнымызда отырғанбыз. Сырттан ентелей енген адамның дабылынан соң біз де көпшілікке ілесіп, қаша бастадық. Қаламен таныс емеспіз, қайда баратынымызды білмейміз. Шыға берісте тұрған машиналар балалар мен ересектерді алып кетіп жатты. Жаяу жүріп келе жатыр едік, бір көлік тоқтады. Жас жүргізушіге жағдайымызды айтқанымызда, сөзге келместен көлігіне мінгізіп, алға жүріп кеттік, — деген Балбөпе Өтенова осы оқиға барысындағы қиындықтарды баяндады.

Олар жолда жанармайы таусылған техниканы кездестіреді. Сол жерде айы-күні жеткен жас келіншек акушермен бірге қиналып отыр екен. Бір көлікке мінгескен жолаушылар қауіпсіз жерге жетуді көздейді. Ал, жолда машинаның көптігінен жүру мүмкін емес. Жүргізушінің тәжірибесінің арқасында қиындықтан құтылады.

– А қ ж а р а у ы л ы н д а алғаш кездескен, бейтаныс адамдардың үйіне тоқтадық. Үй иелері жағдайды түсініп, үлкен қамқорлық жасады. Біз де жас ананың босануына барынша көмектестік. Нәтижесінде, дүниеге қыз бала келді. Сәби ірі екен, бірақ, тәжірибелі акушердың арқасында бәрі де ойдағыдай болды,- деді Балбөпе Өтенова.

Аман-есен босанғасын Кенже атты жас ана жолдасымен, туғандарымен хабарласады. Бұл олардың екінші баласы екен. Байланыстың жоқтығынан отбасы мүшелері жете алмай жатқан болып шықты.

– Кенжемен сөйлескенімізде, егер ұл туса, қиын кезеңде көмектескен жүргізушінің есімін береміз деген. Қыз туғасын, жаңағы жүргізушінің анасының құрметіне Камила деп атады. Мен сәбидің кіндігін кестім. Өзімнің екі қызым бар, енді бұл бала да мен үшін туғанымдай болмақ. Байланыс жасап, оның тағдырының қалай қалыптасарын қадағалап отырамын. Жас анамен бірнеше рет тілдестім, бәрі де жақсы,- деді Балбөпе Өтенова.

Сындарлы сәтте қиналған жанға көмектескен Балбөпе Өтенованы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қабылдап, Алғыс хат тапсырды. Бұдан бұрын оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әріптестері Жанат Нұржұманова, Шайзы Доскеевалармен бірге батырлық танытып, көмек көрсеткендері үшін марапаттаған болатын.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button