
Атыраулық студенттер озық нәтиже көрсетті
Ақтөбе қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Ауыл ойындары – 2025» ауқымды спорттық іс-шарасы өтті. Бұл додада Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан келген студенттер ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынасты.

Аталған партияның Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ауыл ойындары» жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, бірлігін бекемдеу және рухын көтеру мақсатында ұйымдастырылған маңызды іс-шара болды.
Жарысқа қатысушылар садақ ату, футзал, күрес, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тартыстан сынға түсті.

Атырау қаласынан барған студенттер өңір намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Садақ ату бойынша І орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті иеленсе, футзалдан І орын Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжіне бұйырды. Күрес бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы — ІІ, тоғызқұмалақтан І орынды жеңіп алды. Асық ату бойынша аталмыш университеттің командасы ІІІ орынға ие болды.
Атырау облысының студенттерін Ақтөбе қаласына «Ауыл» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұртас Байжанов пен оның орынбасары Азамат Алибев бастап апарды.

Атыраулық студенттердің ұлттық спорт түрлеріне деген ықыласы мен табандылығы ерекше атап өтіліп, жеңімпаз білім ордаларына «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы шынайы алғысын білдірді.
-Ұлттық ойын – ұлт рухының айнасы. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың елге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі нығая түсетіні сөзсіз. Бұл додада өңір Атырау студенттері намысты қолдан бермей, үздік нәтижелер көрсетті, — дейді Н.Байжанов.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА