Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық стилистер Мәскеудегі халықаралық чемпионатта жеңіске жетті

Атыраулық сән саласының шеберлері Әйгерім Өткелбаева мен Сая Мағзомова халықаралық аренада Қазақстанның беделін тағы бір мәрте асқақтатты. Ресей астанасы Мәскеуде өткен халықаралық шаштараз өнері, сән және макияж чемпионатында еліміздің атынан қатысқан қос шебер әлемнің үздік мамандарымен бақ сынасып, чемпион атанды.
Бұл сайыс әйгілі шаштараз Георгий Коттың бастамасымен құрылған Халықаралық сұлулық академиясының ұйымдастыруымен өтті. 30 елден келген білікті жүздеген стилистің арасында жеңімпаз атанған атыраулық шеберлер Грецияда өтетін келесі халықаралық чемпионатқа жолдама алды.

Әйгерім Өткелбаева сән саласындағы жаңашыл әрі шаштараз өнерінің хас шебері ретінде танылған. Ол он жылдан бері көптеген клиентіне ерекше шаш үлгілерін ұсынып, өзінің шеберлігін дәлелдеп келеді. Соңғы уақытта Әйгерім тек қана шаш сәнімен шектелмей, сұлулық индустриясында қызмет ететін мамандарға арналған эксклюзивті форма дайындауға да ден қойды. Оның қолынан шыққан формалар сапасы мен стилі жағынан ерекше әрі өзінің талғамына сай ойластырылған. Әйгерім формалардың әрбір бөлшегін нақышына келтіре өзі тігеді, бұл оның стилистік қабілетінен бөлек, шеберлігіне ерекше көркемдік қосады.

Мәскеудегі чемпионат Әйгерім үшін шеберлігін шыңдауға, жаңа идеялар алып қайтуға зор мүмкіндік болды. Бұған дейін Түркияда өткен чемпионатта да жеңіске жетіп, 11 миллион теңге көлемінде сыйақы иеленген Әйгерім екі жыл қатарынан әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып отыр.

Мәскеудегі чемпионаттың чемпионы болу – мен үшін үлкен жетістік. Мұндай жарыстар маған көп тәжірибе жинап, жаңа қырларымды ашуға мүмкіндік береді. Чемпионат барысында біраз нәрсеге қанықтым. Ендігі уақытта өзім қызыға қызмет ететін ісіме жаңаша леп қосатын боламын, — деп ой бөлісті Әйгерім Нұрланқызы.

Айта кетерлігі, Әйгерімнің алғашқы мамандығы – журналист. Университетті бітіргеннен кейін бьюти-индустрия саласына қадам басқан ол қазір сән саласының сұранысқа ие стилистерінің бірі. Үнемі ізденісте жүретін Әйгерім қазақстандық, қала берді шетелдік білікті кәсіби мамандардың семинарларына қатысып, тәжірибе жинап, өзін жетілдірумен қатар, жеке шеберлік сабақтарын да өткізіп, білімін өзгелерге де бөлісіп жүр. Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасындағы қыз-келіншектердің шашын тегін сәндеуді де жиі қолға алып, игі істің жаршысы болып келеді.

Ал сән саласында 19 жылдық тәжірибесі бар Сая Мағзомова бұған дейін Дубай, Малайзия елдерінде біліктілігін арттырып, бүгінде көп адамда кездесетін шаш проблемасына үңілуді де қолға алды.

–Біз бұған дейін қыз-келіншектердің шашын түрлі үлгіде сәндеп келдік. Ендігі уақытта шаш мәселелеріне назар аударып, оны емдеу, қалыңдату, табиғи қалпын сақтай отырып, заманауи стильдерде сәндеу жолдарын зерделеуге де бет бұруды жөн көрдік, — дейді С.Мағзомова.

Ресейдегі додада чемпион атанған Әйгерім Өткелбаева мен Сая Мағзомова бүгін, 31 қазан күні өңірге оралып, Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында жергілікті сәнсүйер қауыммен және әріптестерімен жүздеседі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button