Атыраулық құтқарушы мемлекеттік наградамен марапатталды
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезеңіндегі көрсеткен ерлігі үшін атыраулық Ерлан Дәулетов мемлекеттік награда — «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Ерлан Дәулетов азаматтық қорғау органдарында 2011 жылдан бастап қызмет етіп келеді.
Қала аумағында бірнеше рет орын алған ірі өрт пен апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып, су тасқынымен күресте де батылдық пен шеберлік таныта білді.
-Е.Дәулетов 29 наурыздан бастап Атырау облысы Қызылқоға ауданына тасқын су басуының алдын алу мақсатында 61 қызметкермен бірге жіберіліп, өңірдегі ауылдық округтерді су тасқынан қорғау үшін ауыл тұрғындарымен бірге бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп, Қызылқоғаның Миялы, Тасшағыл, Абай ауылдарында су басу қаупінің алдын алды.
Сонымен қатар 5 сәуірде Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланған сәтте Құлсары қаласындағы тұрғындарды, үй жануарларын, төрт-түлік малды құтқару жұмыстарына қатысты, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының қызметкерлері.
Сала мамандарының айтуынша, бұдан басқа 18 сәуір күні азаматтық қорғау аға сержанты Е.Даулетов Махамбет ауданы Ақжайық ауылына тасқын су басуының алдын алу мақсатында жіберілді. Мұнда еріктілермен бірге бөгет салу жұмыстарына белсенді қатысты.
Азаматтық қорғау аға сержанты Е.Дәулетов өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен бірге тұрғындарды эвакуациялау және су басқан аумақтан үй жануарларын және тұрғындардың мүліктерін құтқару бағытында атқарылған жұмыстарда белсенділік танытты.
52859 әскери бөлімі қызметкерлерімен Ақжайық ауылында су қаупінің алдын-алу мақсатында күндіз-түні бақылау жұмыстарын жүргізді.
Су тасқыны кезеңінде 50-ге жуық адамды эвакуациялап, 30-дан астам үй жануарлары мен төрт түлік малды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын атқарды.
Ел басына күн туған сын сағатта етігімен су кеше білген нағыз ердің осыншама атқарған қызметі талай жанға үлгі-өнеге болары да сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА