Атыраулық отбасы төтенше жағдайға байланысты тойды кейінге қалдырды
Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Отбасының анасы Бақытжамал Қасаеваның айтуынша, тойдың кейінге қалдырылуын жастар қалыпты қабылдаған.
«Ертай атты баламыз бізге Самал келінімізді таныстырып, үйлену тойын 22 наурызға белгілеген едік.
Алайда, ел басына түскен ауыртпалықты көріп отырып, той жасауымыз дұрыс болмас деген байламға келдік.
Отағасы Даниялдың шешімімен ұлымыздың тойын төтенше жағдайдан кейін жасауға ұйғардық. Әуелі осынау Алла берген сынақтан ел болып, әлем болып аман шығайық деп тілеймін.
Рас, осындай кезде әлеуметтік желілерде жалған дабыра, байбалам күшейіп, елдің психологиялық жай-күйіне әсер еткісі келетіндер табылады.
Бірақ, дәл қазіргі жағдайда Қытай мен Ресей, Америка сынды алпауыттарды мойындатып тұрған ғасыр індетінен аман шығудың жолы – сенімнен айрылмай, саулығымызды күту» деді бізбен әңгімесінде Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы жатақхананың педагог-тәрбиешісі болып еңбек ететін Бақытжамал Қасаева.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА