Атыраулық оқушылар халықаралық олимпиадада топ жарды
Алматы қаласында 8-13 қаңтар аралығында математика, физика және информатика бойынша ХХ халықаралық О.Жәутіков атындағы олимпиада өтті. Білім бәсекесіне Атырау облысынан 11 оқушы қатысып, 9 оқушы жүлдегер атанды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Бес күміс, төрт қола жүлдеге ие болған озаттардың барлығы №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушылары.
Атап айтсақ, физика пәнінен Нұрасыл Барлыбаев күміс, Нұрбол Закир мен Бейбарыс Дүйсебалиев қола жүлдегер атанды.
Информатика пәнінен Махамбет Тұрғали мен Мансур Таймас күміс жүлдені қоржынға салса, математика пәнінен Орынбасар Бердібек, Мирас Бисембаев күміс, Аят Абдуллаев пен Мансур Үмбетқали қола жүлдеге табан тіреді.
Білімге сенген, озат ойлы түлектер, осылайша лицей тарихындағы үздік нәтижені көрсетті.
Жалпы мерейтойлық олимпиадаға әлемнің 16 елінен 700-ден астам оқушы қатысты. Қазақстандық оқушылар 109 медальге қол жеткізе, оның 10-ы алтын, 43-і күміс, 56-ы қола.