Жарнама
ЖаңалықтарБілім

Атыраулық оқушылар ғалымдарды таңқалдырды

Атыраулық оқушылар энергия қуатын алудың қарапайым әдісін ойлап шығарды.

Жаңашыл жоба «Тұзды аккумулятор» деп аталады.

Асылым Ізғали — Абай орталығындағы JasSpace кеңістігінде «Химия» курсын аяқтап шыққан оқушы. Бір ай бойына STEAM бағыттағы «Химия» курсында білім алған Асылым өзі сияқты оқушылармен бірлесіп, түрлі лабораториялық зерттеулер жасады. «Тұзды аккумулятор» жобасы осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі.

«Біздің жобамыз – электр жарығы болмай қалған кезде, қарапайым құралдар арқылы энергия өндіруге арналған. Біз жобамызға ​ бір реттік стақандарды қолдандық. Стақандарға тұз араластырған су құйдық. Және стақанның сыртын фольгамен қаптадық. Бұл жерде не үшін фольганы қолдандық? Себебі, фольга — тап таза алюминий металы. Және ол электродтың ролін атқарады. Сөйттік те, стақанның ішіне мыс сым орнаттық. Сымның ұшын мультиметр құралына жалғау арқылы электр тогын алдық. Осындай қарапайым әдіс арқылы энергия алу далалық жерлерде зерттеу жасайтын адамдарға да көмек болады деп ойлаймын. Өйткені, ​ осындай әдіспен телефонды қуаттауға, белгілі бір аумақты жарықтандыруға болады. Тренеріміз Әсел Оңдашеваға үлкен алғысымды білдіремін» деді ​ Асылым Ізғали.

Небары бір ай ішінде химия ғылымын мүлде жаңа бағытта оқып шыққан Асылым STEAM бағыттағы курстардың ерекше ұнағанын айтады.

«Атырауда осындай курстар басталғаны жөнінде анамнан естідім. ​ Бір ай ішінде химия, сондай ақ, 3D модельдеу және басып шығару курстарында білім алдым. Мен үшін бұл курстар өте құнды болды. Әрі қарай оқуымды ағылшын және робототехника саласында жалғастырамын» дейді Асылым Ізғали.

Еске сала кетелік, бүгін Атырауда JasSpace кеңістігіндегі STEAM курстардың бірінші легін 125 оқушы аяқтап шықты.

Сертификаттар тапсырылған салтанатты рәсімде оқушылар курс барысында алған білімдерін негізге ала отырып жасаған жобаларды таныстырды.

Жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова Атыраудағы STEAM кеңістіктің еліміздегі ең ірі орталық екенін айтты. ​ «STEAM бағытта білім беру – заман талабы. Және бұл кеңістік балалардың дамуына, болашаққа салынған инвестиция» деді ол.

7-11 сынып оқушыларына арналған тегін білім курстарының екінші легі 10 қазанда басталады. STEAM курстар аясында оқушылар «Speaking English», «Техникалық ағылшын», «Arduino», «Химия», «Анатомия», «3D модельдеу және басып шығару», «Экология», «Ағашпен жұмыс», «Видеография» курстарында білім ала алады.

Баян Жанұзақова

img 20221010 wa0009
img 20221010 wa0010
img 20221010 wa0008
img 20221010 wa0011
img 20221010 wa0012

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button