Атыраулық оқушылар ерекше инновациялық құрылғы ойлап тапты
Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары гидросфераны ластанудан қорғауға және су айдындарын тазартуға арналған бірегей құрылғыны әзірледі. Жаңа құрылғы су қоймаларын қоқыстан тазартуға және табиғатқа зиян келтірмей тиімді жұмыс істеуге бағытталған. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, “EcoWave” ауаны төменнен жоғары бағыттап шығаратын көптеген клапандары бар құбыр жүйесіне негізделген. Бұл ауа көпіршіктері қоқыстың су қоймасына терең енуіне жол бермейтін тосқауыл құрады. Құрылғының диагональды орналасуы қоқысты жасанды салынған қалтаға жылжытады, онда ол жиналып, сұрыпталады және қайта өңделеді.
Сонымен қатар, “EcoWave” құрылғысында негізгі ауа құбырымен қатар судағы химиялық заттарды бейтараптандыруға арналған қосымша түтік қарастырылған. Бұл түтік арқылы суға экологиялық зияны жоқ ерітінділер жіберіледі. Олар табиғи су қоймаларында қолданылатын әктас, доломит және батпақты өсімдіктер секілді рН деңгейін реттейтін заттардан тұрады.
Құрылғы су айдындарының флорасы мен фаунасына зиян келтірмейді. Ауа көпіршіктері балықтардың қозғалысына кедергі жасамай, суды оттегімен байытады. “EcoWave” тіпті 1 миллиметрлік микропластикті ұстап қалу арқылы су айдындарын терең тазартуға мүмкіндік береді.
Аймақта ең алғаш қолға алынған осындай ерекше жобаға Назарбаев Зияткерлік мектебінің төрт оқушысы зор үлес қосты. Олар: Х сынып оқушылары Альтаир Көшалиев, Зейнолла Ахмеди, Серғали Санжар және ХІ сынып оқушысы Жарас Жанұя.
Зерттеу тобының көшбасшысы Жарас Жанұяның айтуынша, қолданылған химиялық ерітінділер де экологиялық қауіпсіз және су экожүйесіне зиян келтірмейді.
Ғалымдардың мәліметінше, бүгінде шамамен 7 миллиард тонна пластикалық қоқыс табиғатқа тасталған, оның басым бөлігі су қоймаларына түсіп, экологиялық тепе-теңдікті бұзуда. Мұндай ластанудың салдары су айдындарының жойылуымен ғана шектелмей, климаттың өзгеруіне де әсер етуде.
Ал NIS оқушыларының инновациялық жобасы су ресурстарын қорғау саласында үлкен үміт тудырып отыр. Бұл бастама тек Атырау өңірінде ғана емес, әлемнің кез келген жерінде қолдануға болатын тиімді шешім ретінде қарастырылуда.
-Біз барша тұрғынды тіршілік көзі саналатын суды сақтауға шақырамыз. Су – тек табиғаттың емес, бүкіл адамзаттың өмірінің негізі. Сондықтан су ресрустарын қорғап, суды үнемдеуге әркім өз үлесін қосуы керек, – дейді жоба авторлары.
Бұл жоба Қазақстанның жас ғалымдарының экологиялық мәселелерді шешуге қосқан маңызды үлесі және болашақта әлемдік деңгейде қолданылуы мүмкін инновация деуге әбден болады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА