
Атыраулық оқушы қыздар эко-өнім жобасын жүзеге асыру үшін грант ұтып алды
Jas Up жобасының қатысушылары Дария Бегалиева мен Сабина Тұңғатара биологиялық ыдырайтын пластик ойлап тауып, өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге көлемінде грант жеңіп алды.
Жобаның авторларының бірі Дария Бегалиеваның айтуынша, қазіргі таңда көптеген пластик қалдықтары қайта өңделмей, қоршаған ортаны ластап жатыр:
«Қазіргі қолданылып жүрген пластик түрлері жүздеген жылдар бойы ыдырамай, табиғатқа үлкен зиян келтіреді. Бұл мәселе әсіресе қалалық аймақтарда тұратын адамдарға, экожүйелерге, жануарларға (әсіресе теңіз жануарларына) және қалдықтарды өңдеумен айналысатын ұйымдарға кері әсерін тигізеді».
Дария, сонымен қатар, қоғамда пластикке балама болатын экологиялық шешімдер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, бір реттік қаптаманы қолдану дағдысы және өндірісте экологиялық баламалардың аз қолданылуы — негізгі проблемалар екенін айтты.
БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (UNEP) деректеріне сүйенсек, барлық қалдықтардың 15%-ын пластик құрайды, ал соның тек 10%-ға жуығы ғана қайта өңделеді. Ал оқушы қыздар жасаған биопластик табиғи жолмен ыдырайды және күрделі өңдеуді қажет етпейді.
«Біз қоқыспен күресудің орнына оған тұрақты балама ұсынғымыз келеді: дәстүрлі пластикті экологиялық таза, биологиялық ыдырайтын материалмен алмастырып, қалдық көлемін азайтып, экологиялық ауысымды ынталандыруды көздейміз», — дейді Дария Бегалиева.
Жобаның ғылыми жетекшісі Диана Сырымованың айтуынша, биологиялық ыдырайтын пластик жасау идеясы оқушыларда бұрыннан болған:
«Біздің командамыз бұл тақырыпты ұзақ уақыт зерттеді. Соның нәтижесінде біз пластиктің формуласын жасап қана қоймай, оны робототехника арқылы автоматтандырылған түрде өндіру жолын да іске асырдық», — деп түйіндеді ол. Айта кетелік, оқушылар жобаларын «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Жүректен Жүрекке» қоры жүзеге асырып жатқан JerEcoHub жобасы аясында таныстырды.