«Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» (+ФОТО)

nis 10 Білім

Atr.kz/28 қазан, 2019 жыл. Елордада Қазақстанның ең үздік педагогтарының басын қосқан «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты XI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мәресіне жетті. Екі күн бойы отандық және 17 шет мемлекеттен келген кәсіби сарапшылар өз тәжірибесімен бөлісті. Әлемдік білім беру саласындағы озық технологиялар мен келелі мәселелер талқыланды.

Жер шарындағы барлық педагогтарды толғандыратын проблемалар: мұғалім мен оқушы серіктестігі, жаһандық құзыреттілік, педагогтардың үздіксіз білім алуы, білім мазмұны мен бағалау, қолайлы білім беру ортасын құру, эмоционалды зияткерлікті дамыту сынды басқа да өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылды.  

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Зияткерлік мектептерге ерекше сый жасалды. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның Алматыдағы кластерлік бюросы білім бөлімінің жетекшісі Лина Бенете пленарлық отырыста «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидиноваға «Wenhui Award 2019» сыйақысының сертификатын табыс етті.

nis 4
nis 3

Wenhui Award – университет пен мектеп арасындағы «Білім–2030» жобасын ілгерілету жолындағы серіктестікті дамытуға бағытталған сыйлық. ЮНЕСКО сыйлығы қазақстандық инновациялық мектептерге сапалы білім мен өмір бойы үздіксіз білім алуға ықпалдасатын университеттер мен мектептер арасындағы табысты серіктестік үшін, балалар мен жастарды өмірге, жұмысқа және жаһандық азаматтыққа бейімдеу жолындағы еңбек үшін беріледі. NIS –  Қазақстанда ЮНЕСКО-ның білім саласындағы сыйақысын иеленген алғашқы ұйым.  

Конференция тарихында тұңғыш рет балаларға арналған шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, оған елордалық Зияткерлік мектептердің оқушылары қатысты. Калифорниялық колледждің оқытушысы Дана Шерри ертегілерді талдау арқылы жас тыңдаушылардың ойлау дағдысын арттырды.

nis 8
nis 1

Екі күн бойы дәстүлі автограф-сесия өтті.  Көпшілікке Израильдік Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз, Норвегия Ғылым және технологиялар университеті әлеуметтік және білім беру ғылымдары факультетінің профессоры Марит Ховейд, Кембридж университетінің білім беру инновациялары орталығының директоры Коллин Маклафлин, психология ғылымдарының докторы, Эмоциялық зияттың ресейлік заманауи моделін құрушы Виктория Шиманская, Шығыс Англия университеті, Кембридж университеті жанындағы Санкт-Эдмунд және Хоммертон колледжінің құрметті профессоры Дэвид Бриджес, «Жоғары экономика мектебі» Ұлтық зерттеу университетінің Білім беру институты жанындағы А.Пинский атындағы негізгі және қосымша білім беру орталығының директоры Сергей Косарецкий қатысып, педагогика тақырыбында жазылған авторлық еңбектерін ұсынды.

Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздары, жалпы білім беру ұйымдарының оқытушылары және педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері дайындаған 80-нен астам постер көпшілік назарына ұсынылды. Жұртшылыққа қысқаша таныстырылым негізінде тарту етілген зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері, күтілетін нәтижелері, қорытындылары толықтай қамтылған. Мұғалімдер білім беру жүйесі мен халықаралық бакалавриат бағдарламасын, жаңа технологиялар мен оқыту тәсілдерін, педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелерін тақырып өзегіне айналдырған.

nis 2
nis 6

Еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандар мен тәжірибесі мол білікті ұстаздарға арналған «Ұстаздың қалыптасуы» арнайы жобасы таныстырылды. TALIS 2018 халықаралық зерттеу, Lesson Study мен Action Research зерттеулерінің нәтижелерін және жаңартылған білім мазмұнын талқылау үшін тақырыптық алты симпозиум ұйымдастырылды. Конференция аясында  үш пленарлық отырыс, 12 шеберлік сабағы, 24 секциялық отырыс өткізілді. Екі күнде 12 бағыт бойынша жүзден астам баяндама, алты семинар, автограф-сессиялар, постер-сессиялар және білім беру ресурстары өнімдерінің көрмесі өтті.

Шараның екінші күні халықаралық қазылар алқасы «Үздік постер» және «Үздік презентация» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап,  марапаттады. «Үздік презентация» номинациясында: Қанатбек Сауғабеков, Әсел Сахиева, Гүлзада Құдабаева, Людмила Трутникова, Гүлжан Өтеубаева, Ғалымжан Маханов, Евгения Қабысова, Гүлден Сүйіндікова жеңімпаз атанды. Ал «Үздік постер» жүлдесін Оксана Опря, Бақытжан Исина, Рауан Қабдолла, Нұрсұлтан Жақыпов, Назымгүл Каримова, Назым Қаратаева, Елена Бердюгина, Жаңлыш Әділғалиева алды.

nis 5
nis 9
nis 7

 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының  Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова білім беру саласында болып жатқан өзгерістерге конструктивті сараптама жасауға шақырды:

– Орта білім беру қандай болу керек? Бұл сұрақтың жауабын әлемнің барлық дерлік мемрекеттері іздеуде. Мәселе көптеген пікірталас алаңдарында талқыланды. Менің нақты білетінім – әлемді жақсы жағына өзгертетін адам болса, ол – мұғалім.

«Atr-Ақпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз