
Атыраулық офицер мемлекеттік наградамен марапатталды
Атырау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы, подполковник Самет Құлахмедов мемлекеттік награда – Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл марапат оған Мемлекет басшысының Жарлығымен көп жылғы мінсіз әскери қызметі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілді. Марапатты республика Ішкі істер министрі салтанатты жағдайда табыс етті.
Подполковник Самет Құлахмедов – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери академиясының түлегі. Ол 2000 жылдан бері әскери қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын Шымкент қаласынан бастаған офицер түрлі өңірлерде абыроймен қызмет етіп, бүгінде Атырау қаласында ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосып келеді.
— Бұл марапат – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бұл менің ғана емес, бірге қызмет атқарып жүрген әріптестерімнің де еңбегінің жемісі деп білемін. Әскери антымызға адал болып, елге қызмет етуді жалғастыра береміз, — деді С.Құлахмедов.