Атыраулық мектеп түлектерінен – ізгілік марафоны
Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ түлектері аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті. Құлсарылық Әлішер Бектілеу мен Ернар Көбегеновтар аудан орталығында тұратын көп балалы отбасына азық түлік таратты.
«Елімізде індет етек жайды. Экономика күрделі қиындықтарды кешуде. Сондықтан біздер, қолдан келгенше елімізге, жұртымызға демеу болуымыз үшін осындай челлендж бастадық. Өзіміз тұрып жатқан ауылда әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар көп. Әрі қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасау үшін бүгін біздер жалғыз басты анаға бір айға жететін азық түлік өнімдерін тараттық», — дейді Әлішер Бектілеу.
Жыл басындағы статистикалық деректерге сүйенсек Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 55 742 тұрғын тіркелген. Олардың мыңан астамы ресми аз қамтылған отбасылары санатында. Әлеуметтік осал топтағы жандарға атаулы жәрдемақылар тағайындалған және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекте зор. Десекте, жастардың осындай қайырымды іске бастамашыл болуы олардың азаматтық қоғам құрудағы өзіндік қадамы.
«Мен бірнеше жыл бұрын Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебін үздік бітірдім. Кейін оқудағы жетістіктерімнің арқасында Германияның озық жоғары оқу орынына түстім. Студент болсам да ата-анама салмақ түсірмей, жиған тергенімді пайдалы іске жұмсағанды жақсы көремін. Сондықтан Әлішердің ұсынысын жерге тастамай қолдау көрсетуге келдім», — дейді Ернар Көбегенов.
Елімізде бастау алған «Біз біргеміз!» жалпыұлттық қозғалысы аясында жылойлық жастар әлі бірнеше отбасыға көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Акцияның алғашқы күнінде олар бейнетаспа арқылы өз замандастарына үндеу тастады.
Мәліметтер мектеп баспасөз қызметімен ұсынылды