praraprrra

Карантин кәсіпке кедергі емес!

Жаңалықтар Экономика

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету саласы қалай жұмыс жасап жатыр? Бұрын туындаған мәселесін жергілікті жерде шешетін іскер жандар енді кімнен, қалай кеңес алуда?

Осы сауалдарды «Атамекеннің» облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқық қорғау саласы бойынша орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевқа қойған едік.

Оның айтуынша, 17 наурыздан бері палата тұрғындарды бұрынғыдай жүзбе-жүз қабылдамайды. Алайда, бұл мекеменің жұмысы тоқтады деген сөз емес. Ондағы қызметкерлер қазір онлайн форматта бұрынғыдай ақыл-кеңесін беріп, керек болып жатса, шақырылған жерге аяқтай барып та қызмет көрсетіп жүр. Арнайы колл-орталықтар мен тікелей желі қызмет көрсетеді.

– Біздің палата жанынан арнайы шұғыл штаб құрылып, жұмыс жасауда, – дейді ол. – Карантин кәсіпке кедергі келтірмеуі үшін палата мамандары кәсіпкерлерге көмек көрсетуде. Уақытпен санаспай, олардың мәселесінің жедел шешілуіне себепші болып отырмыз. Мәселен, Мәскеуден телефон арқылы хабарласып, тауарға толы жүкті қабылдауға қатысты сауал қоятындар көп. Экспорттың біраз бөлігі сол көршілес елдерден әкелінеді ғой.

Нақтырақ айтсақ, сырттан саудаланатын тауардың 80 пайызы Астрахан секілді шекаралас қалаларға тиесілі. Міне, осының бәріне де уақыт табуға ұмтыламыз. Тіпті, бизнестен бөлек, жалпы карантин кезіндегі талаптар мен шектеулер, барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп отырамыз. Әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері – басты назарда.  

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап кетпес үшін мониторинг жүргізіп отырмыз. Бағаны қымбаттатқан кәсіпкерге ескерту береміз. Жалпы, карантиннің алғашқы кезінде елу шақты тұлға жауапқа тартылды. Олардың ішінде санитарлық талапты бұзғандар да бар. 

Бүгінгі жағдайда отандық өнімге басымдық берілетінін де айта кеткен абзал. Сондықтан тауардың қазақсандық екенін растайтын рұқсат қағаздары мен сертификат құжаттары талап етілуі заңды. Сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілердің арнайы тізімі жасақталды. Оған 745 түрлі тауар шығаратын 150 -дей компания кірді. Атап айтсақ, бұлар – ағаш өңдеу, жиһаз өндірісі, қағаз, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, металлургия, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, химия өнеркәсібі және фармацевтика.

Тағы бір мәселе, алдын ала жасалып қойған келісімшарттар төтенше жағдайға байланысты бұзылып жатыр. Бұл орайда да, кәсіпкерлерге түсіністікпен қараған жөн. Осындай форсмажорлық жағдайға тап болғандар бұрынғы жауапкершіліктен босатылады. Палата мамандары оларға арнайы анықтамалар мен куәліктер дайындап береді.  

– Кәсіпкерлердің көбісі жеке көлікпен жүрмесе, іс бітпейтінін айтып шағымданып жатады. Оларға да рұқсат қағаздары берілуде. Кәсіпкерлер шағымы онлайн қабылдануда. Яғни, әзірге адамдардың бір-бірімен тікелей байланысуына жол жоқ. Карантин толық аяқталған соң, күнделікті қалыпты жұмысқа көшетін боламыз. Сол сияқты, бизнесмен құқығын қорғау бойынша жоспарланған сот үрдістері де онлайн режимде өтуде. Себебі, бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды тиісті деңгейде орындауымыз қажет.

Әрине, көптеген кәсіпкерлердің жұмысы тұралап, өндіріс көлемі де азаюы мүмкін. Бірақ, бұған жол бермес үшін барлық шаралар қолға алынуда. Айталық, отыздан аса сала бойынша жұмысты жалғастыруға рұқсат етілген. Олардың ішінде тасымал, азық-түлік дайындау секілді қарапайым қызмет көрсету салалары да бар. Сондай-ақ, Атыраудағы «Дина», «Көктем», «Шалқыма», «Өнерпаз» секілді ірі сауда орындарына да көптеген жеңілдіктер жасалып отыр, – дейді Сәрсенбай Хамидоллаұлы.  

Тағы бір мәселе, жұмыстан қысқартуға байланысты туындап отыр. Бұл бағытта 23 наурыздан бері жұмыс берушілермен сауалнама жүргізіліп келеді. Карантинді сыныққа сылтау етіп, қызметкерлерді қысқартуға негіз жоқ. Мұндайға жол берген кәсіп иелерінің іс-әрекеті жан-жақты тексеріліп, шарасы алынады. Ал, белгілі бір себептермен уақытша демалысқа жіберілген жұмысшыға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Сонымен қатар, несиені кейінге шегеру, салықтық жеңілдіктер жасау, жалға беру құнын төмендету секілді мүмкіндіктер тағы бар. Жалпы, қандайма бір шығындар мен зардаптар орын алған болса, карантин біткен бойда бәрі де қалпына келтіріледі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған