Атыраулық кәсіпкерлер шектен тыс карантин талаптарына наразылық білдірді
Бір топ кәсіпкер – бильярд, боулинг орталықтары, компьютер залдары мен балалар ойын алаңдарының иелері Өңірлік кәсіпкерлер палатасына көмек алуға жүгінді.
Наурыз айында бильярд, боулинг-орталықтар және балалар ойын алаңдары жұмыс істемей тоқтап тұрғанына бір жыл толады. Бұл кәсіпкерлік нысандарына карантиндік шектеулерге байланысты бірініші кезекте тыйым салынған. Қазіргі кезде Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақта болып, көптеген бизнес түрлеріне жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, жоғарыда аталған кәсіпкерлік субъектілері әлі де жабық тұр. «Біз туралы ұмытып кеткен сияқты», – дейді бизнес өкілдері.
«Бізде ойын-сауық кешеніміз бар, онда үш банкет залы мен боулинг орталығы бар. Өткен жылдың наурыз айында біз жыбылдық та, әлі күнге дейін жұмысты қайта бастамадық. Төтенше жағдайдан соң 4-5 ай бойы қызметкерлерді қысқартпадық, жұмыс бастаймыз деп үміттендік, бірақ кейін қаражат болмағандықтан бәрін тараттық. Олардың әрқайсысында отбасылары, несиелері бар. Мейрамханалар қазір шектеумен болса да жұмыс істеп жатыр, біздің қандай кемшілігіміз бар? Боулинг орталықта алты жолақ бар, онда бес адамнан ойнаса да, 30 адамнан аспайды. Қазір коммуналдық қызметтер қосылды, бұл айына 500-600 мың теңге, өз қаражатымыздан төлеп жатырмыз», – деді «Алтын сарай» ойын-сауық орталығының басқарушы менеджері Бибігүл Шитенова.
Балалар ойын алаңдарының иелері жұмыскерлерге еңбекақы төлеу, салық және несиелік міндеттемелерден бөлек, несиеге алынған жабдық жұмыссыз тұрғанын хабарлады.
«Қазір қызметтің болмауына қарамастан біз жабдық үшін несие төлеп жатырмыз, айына шамамен 1 млн теңге. Егер жұмысты жандандыратын болсақ, аппараттарды қайтадан тексеріп шығу керек, өйткені көп тұрған құрылғы істен шығып кетеді. Бізге берілген барлық шегерімдер аяқталды. Біз шектеумен жұмыс істеп, барлық талаптарды орындауға дайынбыз. Кинотеатрлар жұмыс істеп жатыр ғой, онда келушілер саны бізден көп», – деді «Funky Town» ойын-сауық орталығының өкілі Жанаргүл Жолдығұлова.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресовтің айтуынша, карантиннің салдарына байланысты Атыраудағы 16 бильярд залының 6-ы өз қызметін мүлдем тоқтатқан. Екі боулинг орталығының біреуі жабылды.
«Бүгін жиналған бизнес өкілдерінің жалпы талап-тілегі – жұмыс істеуге рұқсат беру. Бұл өте орынды, өйткені жыл ішінде олар нөлдік кірістермен отыр. Олар шектеулермен жұмыс істеуге, санитарлық талаптарды орындауға дайын. Оларға коммуналдық қызметтерді төлеу, несиелер мен салық төлемдерін кейінге қалдыру бойынша мемлекет тарапынан көмек қажет. Осы сұрақтардың барлығын біз ведомствоаралық комиссия отырысында облыс басшылығына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы бизнес нысандарының өкілдеріне кейбір өңірлерде жұмыс істеуге рұқсат берілгендіктен, біз осыған қатысты Атырау облысының бас санитарлық дәрігеріне өтінім жібереміз», – деп қорытындылады Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы.