СарапTime: ҚЫМБАТШЫЛЫҚ қинап тұр…

arararar СарапTime

ҚАЗІРГІ КҮННІҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫБЫ – ҚЫМБАТШЫЛЫҚ. ҚАЙДА БАРСАҢ ДА, ҚАЙ ДҮКЕНГЕ БАС СҰҚСАҢ ДА, АЛДЫҢНАН КӨЛБЕҢДЕЙ ОСЫ МӘСЕЛЕ ШЫҒАДЫ. ЕҢ ҚИЫНЫ, ЖЫЛҒА БІР АЛАТЫН КИІМ-КЕШЕК ЕМЕС, КҮНДЕЛІКТІ ТҰТЫНАТЫН АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ ҚЫМБАТШЫЛЫҒЫ АРҚАҒА АЯЗДАЙ БАТЫП, ЖАНЫҢДЫ ҚАРУДА.

Рас, азаматтар қол қусырып отырған жоқ. Нақ осы мəселеге қатысты елімізде, облысымыз бен қаламызда қаншама жиын, басқосулар өтіп жатыр. Қолдан келсе, проблеманы ушықтырмай, шешу жолдары да қарастырылуда. Əйткенмен, бағаны тұрақтандыру, төмендету мүмкін болмай отыр. Басқа тағамды сөз етпегеннің өзінде «енді нан қымбаттайды» дегенді естіген қара халықтың сарыуайымға салынғаны жасырын емес. Өйткені, ет жəне ет өнімдерінің қымбаттағанынан қаншама адам оны апталап, кейде айлап тұтына алмайды. Сондағы бар ішіп-жемі, негізгі қорегі – ас атасы. Сол себепті олардың «Нан қымбаттаса, не болғаны?!» деген қиналысы орынды-ақ.

Өкінішке қарай, бірінші қажеттіліктегі тауарлар қымбаттап барады. Айталық, кеше көрген тағамыңның бағасы бүгін барсаң көтеріліп тұрады. Сатушылар «Бізге солай келіп тұр» дегеннен əрі аса алмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік бағасының көтерілуін ең ауыр мəселе дегенін де білеміз. Ал, осы тақырыппен айналысушы сарапшылар мен мамандар елдегі азық-түлік бағасының көтерілуін түрлі проблемамен, соның ішінде, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы жасырын келісімдермен, бағаны жасанды түрде көтеретін делдалдардың əрекетімен байланыстырады. Қазақстан жыл сайын өндірілген өнімнің қомақты бөлігін экспортқа шығарады. Қайсыбір тараптардың «Егер өзімізде бидай аз болса, оны шетелге сатудың қандай қажеттілігі туды?» дейді.

Қысқасын айтқанда, қазір елдегі əлеуметтік салаға қатысты өзекті мəселе – азық-түлік бағасын өсірмеу. Үкімет белгілеп отырған кедейшілікпен күрес шараларының шешуші тетігі нарықтағы баға мен тұрғындардың материалдық-қаржылық жағдайы. Бəріміз куə болып жүргендей, жыл сайын еңбекақы мен зейнетақы, түрлі жəрдемақы мөлшері өсіп отырады. Дейтұрғанмен, жағадан алған қымбатшылықтың ырық берер сыңайы байқалмайды. Шынында, халықтың біразы кедейлік шегінде «шықпа, жаным, шықпамен» отыр. Ал, үлкендер жағы «бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз, тек бейбітшілік болсыншы» деп тілек тілеумен жүр. Жас пен жасамыстың аппақ ниетіне қылау түспей, алдағы тірлік үлкен үмітке бастағай-дағы…

БАЗАР НАРҚЫ:

Жылқы еті (1кг) – 2 500-2 800 т.;
сиыр еті – 2 600-2 800 т.;
қазы – 2 800-3 500 т.;
шұжық – 2 000-4 500 т.;
қойдың басы – 1 000 т.;
алма – 500-1 000 т.;
алмұрт – 800-1 500 т.;
жүзім – 1 000-2 000 т.;
қызанақ – 1 000-2 000 т.;
қияр – 1 000-1 200 т.;
апельсин – 1 000-1 300 т.;
мандарин – 1 000- 1200 т.;
құлпынай – 6 000 т.;
сабақты көк пияз (бумасы) – 200 т.;

Сатушы не дейді?

Гүлмайра ҚАБЫШҚЫЗЫ, «Насиха» базарында сауда жасаушы:

– Біз ешқайда бармаймыз. Тауарды əкеліп беретін адамдар бар. Солардан көтеріп аламыз да, үстіне шамалы ақша қосып сатамыз. Қанша күн өтсе де тозбайтын киім-кешек емес, көкөніс пен жеміс-жидек сатқан соң жанымызды шүберекке түйіп тұрамыз. Желініп қалмайық, кешкілік үйге нан-суымызды ала барайық дейміз. Сауда кейде олай, кейде бұлай. Кешкілік базар жапқалы жатқанда, соңғы клиенттерге тауарымызды алған бəсіне беріп жібереміз. Не болғанда да аздырып алмауымыз керек қой. Көбіне тұтынушылар бізді қырып ақша тауып тұрғандай көреді. Қатты сөйлеп, балағаттап кететіндер де кездеседі. Көпке топырақ шашпайсың, оларды да түсінуге болады. Жағалай қымбатшылық, арзан нəрсе қалмады.

Ал, тұтынушы…

Сəлима ҚУАНОВА, зейнеткер:

– Жолдасым екеуміз зейнеткерміз, айына алатынымыз 130 мың теңгедей қаражат. Қолымыздағы кіші ұлымыз жұмысынан қысқарып қалып, ескі көлігімен такси болып жүр. Жолаушы аз ба, оның кірісі де шамалы. Үйде үш немере бар. Келінім декретте. Жүкті болғасын тəтті тағам жегісі келеді. Витамин болсыншы деп, жеміс-жидек пен көкөніс алып беремін. Ал, олардың бағасы аспандап тұр: сары қызанақтың 1 келісі 2 000 теңге. «Неге?» деп сұрасам, «Ресейден келген» дейді. Ал, өзіміздің жылыжайдыкі 1 000 теңгеден. Ол да арзан емес қой. Бұрынғыдай мал союды қойдық. Ұялмай шалатын қойдың бағасы 90 мыңнан бір шығады. Оны біздей зейнеткерлер қалай ала[1]ды?! Шыны керек, басқамыз жаңа сойылған малдың сорпасын ішпей, қымбат көкөністерді жемей отырармыз-ау, ертең-ақ жеңілденетін келінім мен кішкене немерелерімді ойлаймын. Олардың күні не болады? Кім біледі, мүмкін əлеуметтік саланы басқаруға келіп жатқан жаңа министріміз Тамара Дүйсенова жағымды жаңалықтар енгізер. Əйтеуір, ертеңімізден үміт үзбейміз ғой.

НАН қымбаттай ма?

Жанар ТІЛЕКОВА, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік бағасы жəне мониторинг:

– Əлеуметтік маңызы бар тағамдар тізімінде қызанақ пен қияр секілді көкөністер болмағандықтан, біз оларға мониторинг жасамаймыз. Картоп пен көкөніс өнімдері бағасының күрт қымбатсуы маусымаралық кезеңге байланысты болды. Алдағы айларда жергілікті өнім піскеннен кейін ол да қалыпқа түсуі керек. Түркістан облысынан 40 тонна қырыққабат алуға келісімге отырдық. Ол жергілікті базарлардағы қырыққабат бағасынан əлдеқайда төмен болады деп күтудеміз. Көпшіліктің «нан қымбаттайды» деп мазасызданып жүргені рас. Олардың осы күпті көңілін басу үшін нан бағасының жылдың соңына дейін өспейтінін, 1 сұрыпты ұнның килограмын 145 теңгеден алғанымызды, оның мөлшері жеткілікті екенін айтқым келеді.

Дайындаған: Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз