Атыраулық дәрігер балаларда коронавирустың жеңіл түрде өтетінін айтты
atr.kz/23 қыркүйек, 2020 жыл. Пандемия кезінде Атырау облыстық балалар ауруханасында жоспарлы ем алғандар ішінен алпысқа жуық баладан коронавирус жұқпасы анықталды, — деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
« Короновирус жұқпасы анықталған алпысқа жуық баланың 18-інде «covid-19» жұқпасының симптомы болған. Оның 13-і дер кезінде Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.
Бес балада «covid- 19» жұқпасымен қоса туабітті және созылмалы ауруы болғандықтан балалар ауруханасында емделді. Қалған қырықтан астам балада короновирустың симптомсыз түрі анықталғандықтан, оларды жергілікті емхана дәрігерлері бақылауда ұстады. Қазіргі уақытта балалар сау, сынама нәтижесі «теріс» көрсетіп отыр.
Қазір короновирус жұқпасымен ем алып жатқан бала жоқ»- деді Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігері Айгүл Сүндетова Атырау облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте.