Атыраулықтардың әрқайсысы бес көшеттен отырғызды (+ВИДЕО, ФОТО)
Atr.kz/ 16 сәуір, 2019 жыл. Атырау қаласын көгалдандыру аясында тұрғындарға үш мың көшет таратылды.
Қала тұрғындарының әрқайсысы үйеңкі, шетен мен қарағаштың бес көшетін тегін алды. Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін, 15-сәуірде Атырауда тұңғыш рет көшеттердің жергілікті тұрғындарға тегін таратылу акциясы өтті. «Арнаулыавтобаза» ЖШС-нің аумағында сағат 10-нан бастап тұрғындар кезекке тұрды. Тұрғындарға ағаштың үш түрі ұсынылды — үйеңкі, шетен және қарағаш.
— Ағаштар алу үшін тұрғындар өздерінің телефон нөмірін және ағаштар отырғызылатын мекен-жайын қалдыру керек. Барлығы 5 көшет алып, одан әрі тиісті күтім мен суаруды қамтамасыз етуі қажет. Арнайы құрылған комиссия тұрғындардың іс-әрекеттерінің орындалуын бақылайтын болады, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өндірістік-техникалық секторының жетекшісі Акесен Ибрагимов.
Акесен Ибрагимовтың айтуынша, көшеттер Индер ауданынан әкелінген, жасыл көшеттер әлеуметтік мекемелерде — балабақшалар мен мектептерде отырғызылады, үш мың жас ағаш тегін таратылды.
Айта кетейік, Атырауда екі айлық санитарлық тазалау жалғасуда. Сәуір сенбіліктерінің аясында облыс орталығында жасыл көшеттер отырғызу жоспарланған.