АТЫРАУЛЫҚ КӘСІПКЕР АЛТЫ БАЛАСЫ БАР ОТБАСЫҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ (+ФОТО)
Atr.kz/13 наурыз, 2019 жыл. Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылының кәсіпкері, аудандық мәслихат депутаты Алмас Аманбаев алты баланың анасы Ақмарал Қадироваға жаңа үйдің кілтін табыс етті.
Салтанатты сәтке еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты. Көпбалалы ананың бұл күні қуанышында шек болмады.
Сәрсенбінің сәтінде осындай үлкен қуанышқа бөленіп жатырмыз, — дейді ол. – Сол үшін де Елбасына, жанашыр азаматтарға зор алғысымды білдіремін. Бұрынғы үйімнің тозығы жетіп, апаттық жағдайда деп танылған. Содан бері үй кезгінде тұрған едім. Жылу жоқ, балаларымызға жиі суық тиіп, мектепке қатынаудың өзі қиынға соғатын.
Енді ауылдың орталық бөлігінен бой көтерген тасжол бойындағы жаңа үйге кіріп жатырмыз. Жолдасым да бір ай бұрын жұмысқа орналасты. Үйде үлкен кісіміз де бар. Өзім үй шаруасындамын, биыл ғана күміс алқаға ие болдым. Бұрын көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны алсам, енді әр балама 16 100 теңге шамасында мемлекеттік атаулы көмек аламын.
Ал, осынау жақсылықтың иесі Алмас Аманбаев көптен бері жағдайы жоқ отбасыларға қол ұшын бергісі келіп жүргенін айтады. «Елбасы саясатының арқасында көптеген жақсы істер жүзеге асырылып жатыр. Мен де аудан әкіміне ұсыныс жасадым. Сөйтіп, округ әкіміне тапсырма беріліп, осы отбасы таңдалып алынды. Бұл үйде алаңсыз өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Жарық, жылу, газ, бәрі қарастырылған.
Азамат БАЗАРБАЕВ.