Атырауға келген халық қалаулысы ауылдарды аралады

img 20220218 wa0097 Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың Махамбет ауданына сапары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында ауыл тұрғындарын қабылдаудан басталды.

Халық қалаулысының қабылдауына арнайы жазылған көпбалалы аналар жоғары оқу орнында оқитын балаларының оқу ақысына көмектесуді, мүгедек баласын шетелге емдетуге қолдау көрсетуді, кезегі келгенше уақытша тұратын тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Көп жылдан бері елдімекен мәртебесін ала алмай жүрген «Өткел» ауылының тұрғындары да сол жердегі 25 отбасының жол, су, жаяу көпір мәселесі шешілсе деген өтініштерін білдірді.

Тұрғындардың мұң-мұқтаждарын мұқият тыңдаған мәжілісмен Нұрлыбек Ожаев аудан әкімі мен тиісті бөлім басшыларына барлық өтінішті аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Ал, өткелдіктердің жағдайын Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің алдында көтеретінін айтты.

Депутат одан әрі Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездесті. Сарытоғайлықтардың басты өтініші осыдан 5 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған мәдениет үйінің құрылысының аяқталуына ықпал ету болды.

– Бұл ауылдың өнерпаздары кезінде Бүкілодақтық конкурстардың лауреаты атанған. Қазірде өсіп келе жатқан талантты жастар жетерлік. Өзге ауылдардың кең сарайдай ғимараттарына қызыға қараймыз. Құрылысы бірге басталған Ақтоғай ауылының мәдениет үйі 8 айда пайдалануға берілді. Біз 5 жыл бойы күтумен жүрміз. Оның үстіне сырты қоршаусыз, терезелері сынып, аңғал-саңғал жатқан соң балалардың қауіпсіздігіне де алаңдаймыз, – дейді ауыл тұрғындары. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаровтың айтуынша ғимаратты салуды мойындарына алған екі мердігер мекеме де жұмысты аяғына дейін жеткізбеген. Тендерден өткен мердігерлердің жұмыс күші мен құрал-жабдығы жеткілікті болмаған. Мердігер мекемелердің ісі сотта қаралып жатыр. 

– Биыл тағы тендер өткізіп, үшінші мердігер тағайындаймыз. Жобаның бастапқы құны 200 миллионның үстінде болса, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қазіргі құны 700-800 миллионның шамасын құрайды. Осы жылдың аяғына дейін аяқтау үшін барлық шараны қолданамыз – деді басқарма өкілі.

Халықтың уәжі мен жауапты сала маманының сөзін тыңдаған Нұрлыбек Жұмахметұлы мердігер мекемелердің әрекеті жауапкершіліктің төмендігінен болып отырғанын айтып, бұлай жалғаса беруге болмайтынын жекізді. Сонымен қатар, облыстық құрылыс басқармасы биылдан қалдырмай ғимаратты халық игілігіне беру керектігін айтып, аудан әкіміне жұмыстың жүру барысына сұрау салып, қадағалауды тапсырды. Ал, жұмыс күші мен техникалық базасы жеткіліксіз мекемеге тендер ұтып беріп отырған  Мемлекеттік сатып алу басқармасының мәселесін өз деңгейінде көтеретінін айтты.

Мәжілісменнің Махамбет ауданына сапары бұдан соң Талдыкөл және Жалғансай ауылдарында жалғасты.

Баян Сүйеуова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз