ЕХРО-2017: Болашақтың қуаты – жасыл энергия

99tWXXSH66MGyo07pg944k69a1d5C5 Жаңалықтар

Жаһандық жаңғыру мен индустриаландырудың  жарқын көрінісі, техникалық және технологиялық жетістіктердің бастауы саналатын биылғы айтулы оқиға – «ЭКСПО-2017» көрмесі.  Олай дейтініміз, күн өткен сайын әртүрлі мемлекеттің көрме павильонында баламалы энергия мен жасыл экономикаға тән құрылғылар көпшілікті еріксіз таңғалдыруда.

Таңдай қақтырған туындылар

Графеннен жасалған электр шамдары Ұлыбритания павильонын аралаған қонақтардың назарын еріксіз аударды. Графенге алмастырылған шамдағы вольфрамның сымы электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ, шамды қолмен ұстап көруге болады, қатты қызбайды. Бұл шам тұрмыста сегіз жыл қолданылады. Журналистерге берген сұхбатында аталған павильон комиссарының орынбасары Сара Эверетмграфен графитті шегіне дейін өңдеу арқылы алынатынын жеткізді. Ол – әлемдегі ең жіңішке, берік болса да жеңіл материал. Оның жуандығы бір атомды ғана құрайды. Ал, болаттан 200 есе қатты. Айта кетелік, болашақта  графен су мен ауаны тазалауда қолданылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, арнайы графеннен жасалған түтікше суды тұздан толығымен тазартады. Нәтижесінде, аталған түтікше арқылы тұзды суды ішу зиянын келтірмейді. Аталған құрылғыны, сондай-ақ, ауаны тазалауға да пайдалануға болады. Ол үшін лас ауа арнайы графен сүзгісінен өткізеді. Яғни, ауадағы көмірқышқыл газы графендегі фильтрде қалады.

99tWXXSH66MGyo07pg944k69a1d5C5

***

Төрткүл дүние көз тіккен халықаралық шарада ұшатын велосипед Чехия павильонында көпшіліктің назарына ұсынылды. Елді елең еткізген көлік құралын тоқпен зарядтауға болады. Сонымен бірге, педальды айналдыру арқылы аккумуляторға энергия жинауға да болады. Велосипедтің ұзындығы – 3,8, ені – 2,5, ұзындығы – 1,2 метр, салмағы – 95 келі. Сондай-ақ, ол 170 килоға дейін көтеріп  ұша алады. Қозғалтқыштар саны – төрт, қуаты – он киловатт және қуаты жеті киловатт болатын екі қозғалтқышы бар. Жалпы, қозғалтқыш қуаты – 54 киловатт. Ұшатын велосипедке орнатылған ауа винттерінің диаметрі – 1 200 мм (негізгі), 650 мм (тұрақтандыру үшін). Велосипед қуатты «Li-Po» аккумуляторынан алады. Оның жалпы сыйымдылығы 50 ампер-сағат. Сонымен қатар, велосипед тек 3-5 минут қана ұша алады. Ең жоғары жылдамдығы – 50 км/сағат. 

***

Сол сияқты, айтулы көрме жаңалықтарының бірі – 100 шақырымға  1 литр бензин шығындайтын машина. Екі адамдық көлік сыртқы дизайнымен де ерекше. Оны Қазақстан нарығында  қызмет ететін ұлыбританиялық «Шелл» компаниясы аэкомарафонға қатысу үшін арнайы құрастырып шығарған екен. «Максималды жылдамдығы – 45 шақырым/сағат. Салмағы – 295 келі. «Иамаха» скутер моторымен жабдықталған көлік газбен де қозғала алады» деп жазылған дереккөздерде. Дегенмен, көлемі шағын болғанымен, бағасы арзан емес, 30 мың доллардың көлемінде.

 

Израйльдіктер де көрмеге ерекше дайындықпен келген. Дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, аталған мемлекеттің павильонында өзге елдердікіндей экспонаттар қойылмаған. Әлемде баламалы жанармай өндірудің көшбасшысы болып отырған олар өздерінің  жоғары технологиядағы табысын сегіз минуттық шоу-презентацияға сиғызып, «болашақтың энергиясы» жетістіктерін, оның даму тарихын жеткізеді. Олардың «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындаған павильоны осынысымен ерекшеленеді. Осылайша, көрме қонақтарының уақытын үнемдеп, келушілердің назарын өз павильондарына аударып отыр.

Көрме аясындағы «Кремний алқабы»

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы тапсырмасына орай, ЭКСПО-2017 аумағында «Кремний алқабы» бұрышы ашылды. Бұл – ел экономикасын цифрландыруда маңызы зор қадамдардың бірі. Аталған жобаны «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ Қазақстанда «Кремний алқабының» өкілдігін ашу туралы келісім аясында «Cisco», «SAP», «Oracle», «Mastercard» компанияларымен ынтымақтастықта жүзеге асып отыр. Оның негізгі мақсаты – экономиканы цифрландыру бойынша «Зерде» серіктестерінің тың шешімдері мен шет елдерде, экономиканың түрлі салаларында қолданылатын тәжірибелерді таныстыру. Ал, оның болашағына келер болсақ, «Зерде» холдингінің басқарма төрайымы Әсел Жиенбаеваның айтуынша, халықаралық шарадан кейін де «Кремний алқабы» бұрышы жұмысын жалғастыра береді. Оның алаңында әлемдік ауқымдағы түрлі стартаптар таныстырылады.

Мега жобаның маңызы

Орта Азия аймағында, ТМД көлемінде мұндай жобаны алғаш рет жүзеге асыру Қазақ еліне бұйырғаны – үлкен мәртебе. Әлемдегі 161 тәуелсіз мемлекет мүшелік ететін халықаралық көрмелер бюросында  Қазақ  елінің әлеуеті мен арыны, қарымы мен дарыны мойындалды.  Алайда, қос бүйірден қысқан қаржы дағдарысын алға тартқан кей сарапшылар «көрмені өткізудің қаншалықты қажеттілігі бар?» деген кертартпа пікірлер айтып жүрді. Екінші топ көрмені өткізіп, әлемнің азулы елдерімен иық тіресер күнге жетерімізге бек сенді.  Олай болса, «ЭКСПО-2017»  көрмесін өткізген елдердің барлығы дерлігі осы шараның нәтижесінде, әлемдік аренада өз орындарын нықтап алғанын алға тартайық. Деректерге сүйенсек, көрме АҚШ-та – 21, Францияда – 9, Бельгияда – 8,  Ұлыбритания, Италия,  Жапон елдерінде – 4, Австралияда – 2, Корея, Венгрия, Германия, Португалия сынды елдерде бір реттен ұйымдастырылған.

Ұлыбританияда 1851 жылы бастауын алған шараның бұған дейінгісі  Түркияда өтті.  Көрмені өткізуші елдердің арасынан олқысын таба алмайсыз…

Болашақтың қуаты – жасыл экономика. Олай болса, озық технология да сол елде. Ал, озық технологиясыз даму мүмкін емес. Елбасы Н.Назарбаев  «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан – 2050 стратегиясында «көмірсутегі шикізаты нарығында ірі ойыншы болып отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен жердің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз» деп атап айтты. Демек, тәуелсіз Қазақстанға мұндай көрме мақтан үшін емес, болашақ үшін қажет-ақ.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз