Шолантау тұз көлін білеміз бе?

20429974 298224083983537 7946501697878989705 n Жаңалықтар

Елбасы «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек деп, Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағының тарихта түрлі рөл атқарғанын, оларды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзеген болатын.

Міне, осындай қасиетті Дендер өңірінің табиғат берген сыйының бірі – Есбол ауылынан батысқа қарай 95-100 шақырым қашықтықта орналасқан Шолантаудағы тұз көлі.

20429974_298224083983537_7946501697878989705_n
Шежірелік деректерде Нарынның бергі құм етегіндегі ел руға бөлініп қоныстанғанда себектер Туманы, қаратоқайлар Мәмбетті, құлкештер Қаңбақтыны, жайықтар осы Шолан тауы мен Толыбай маңын қыс қыстап, жаз жайлаған деседі. Осы Шолан тауының етегінде аумағы 1,0 шаршы км. құрайтын үлкен сор бар. Оның тұзымен сол жердің тұрғындары ас тұздаса, қара тұзымен қой ауруымен ауырған балаларды шомылдырған. Яғни, емдік қасиеті бар. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Сапаров әлі күнге сол Шолан өңіріне барып, соның тұзын ғана тұтынатындықтарын айтады.
ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Қасан Қамашев ағамыз: – Оның тұзына түссең кеппейді, майсақтанып тұрады. Оның құрамында магний, калий бар денсаулыққа өте пайдалы. Ал мына тұз көлінікі ақсортақтанып кетеді. Мында тек натрий хлор. Баяғыда жаралы киіктер сол тұзға тұяғын батырып тұрады. Сол тұяқтың арасындағы жарғағы арқылы бойына тұзды сіңіріп, жарасын жазады екен, – дейді.
Жалпы тұздың бетінде және арасында тұзды су (Рапа), құрамында NaCI, Mgee (минерал бишофит, мирабиллит) бар, емдік қасиеті зор деп жазылған Индер ауданының шежірелік кітабында.
Сол өңірдің темірқазығы, байырғы жылқышы, аңшы Қажыгерей Құбиев қарттың жол сілтеуімен өткен жылдары барғанымызда табиғатына таңырқай қарағанымыз бар. Тіпті, ауылдан жырақ, шығандағы аймаққа адам баласы анда-санда ат ізін салатындықтан ба жол-жөнекей кездесе қалатын мал да үрке қарап, «Сендер кімсіңдер?» дегендей айбат шегіп жататынына қайран қаласың. Шағыр, еркеккөк пен қалың жусаны аралас өскен шағыл ішіндегі қара жол қуыс-қуысты қуалап, алға жетелей түседі. Кенет иірім-иірім ұсақ сорлар пайда болып, біріне-бірі жалғасып, барған сайын көлдің көлемі ұзарып, ақыры Шолантауға әкеліп түсіреді.
Бейне бір келе жатқан қонағын күтіп алғандай. Біз барғанда аптап, аспан шайдай ашық еді, сәлден соң сол жердің иесіндей төбемізге бір шөкім қара бұлт жетіп келгенде табиғаттың тылсымына қайран қалғанбыз. Күн сәулесімен шағылысқан тұздың беті күмістей жылтырап, тамаша әсер сыйлады. Көл басында адамдардың ырымын жасап, түсетін орны, тұз қазып алатын жерлері бар.

20375733_298224280650184_2431026588960092258_nАйтпақшы, бұл көлдің «Шолантау» аталуының да өзіндік сыры бар. Мысалы, қыр қазақтарында «шолан тұзы» деген сөз қалыптасқан. Яғни кәдімгі шоланға сақтайтын қара тұз. Оны осы көлден алатындықтан бұл жерді «Шолантұз» кейін «Шолантау» атап кетсе керек дейді ел аузындағы әңгімеде.
Тау есімі бұл маңдағы қыраттарға байланысты қойылуы мүмкін деген түсінік қана бар. Сондай-ақ, Сырымның атасы атақты Шолан батырдың есімі де аталып қалатынын естігенбіз. Осы орайда публицист-жазушы Өтепберген Әлімгереевке хабарласқанымызда, мына бір тарихи деректерден хабардар етті.
– 1748-1749 жылдардың қатты қысынан бастап Орынбор губернаторы И.Неплюевтің рұқсатымен тек Нұралы, кейіннен 1755-1758 жылдардан бастап оның күллі тұқымдарының Жайықтың оң бетіне қоныстануына мүмкіндік берді. Жалпы бұл өңірге ең бірінші байбақтының сатай бөлімінің старшыны Сырым батыр қарамағындағы елді бастап көшкен. Кейін 1754 жылы арнайы рұқсат алған. Яғни Сырымның атасы Шолан батыр сол өңірде қоныстанған. «Шолан» кейін «Шолантау» аталуы сондықтан.
Міне, ауданымызда туризмді қалыптастыру және денсаулықты жақсарту мақсатындағы істерде табиғаттың осы сыйын пайдаланса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
                                                                                                                                                           

       Ж.АМАНТУРЛИН.
                                                                                                                                                                  Индер ауданынан.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз