Атыраудың бес кереметі
Аtr.kz/23 маусым, 2020 жыл. Жаз айлары басталысымен халық туристік орындар туралы ақпарат іздейді. Әсіресе, бүгінгі таңда жергілікті жердегі табиғат сыйын кәдеге жарату маңызды болып тұр.
Бұл – бір жағынан, алыстан арбалағаннан гөрі, өз байлығымызбен жақынырақ танысуға сеп болса, екінші жағынан – өңір экономикасының өркендеуіне оң әсер ететіні сөзсіз. Десек те, әлі күнге дейін айы оңынан тумай жүрген ішкі туризм мәселесі қалай шешіліп жатыр? Индер ауданындағы Тұздыкөл туристер мекеніне айнала ала ма?
«Пайдасыз бұлт теңізге жауады»
Иә, отандық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, басқа да салаларды дамыту туралы әңгіме қозғалғалы қашан?! Тіпті, бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеліп, шағын және орта кәсіпкерлікті ширатуға айрықша мән беріле бастады. Өйткені, күндердің күнінде «қара алтын» қоры сарқылуы мүмкін. Сондай өтпелі кезеңге мемлекет тас-түйін дайын болуы тиіс. Ал, дүниежүзіндегі пандемия экономиканы әртараптандырудың маңыздылығын айқындап берді. Өндіріс көлемі азайған сәтте өзге салалар да тұралап қалмағаны жөн. Демек, экономиканы дамытуда ішкі туризмнің орны бөлек.
Көпшілік мұнайлы өлкені жазда масасымен, «бауырмал» балшығымен байланыс- тыратыны белгілі. Алайда, «Елдің құты белеңде, судың құты тереңде» дегендей, Атырауда туризмге тіленіп тұрған тамаша жерлер жеткілікті. Тек айды етегіңмен жаба алмайтыныңыз, күннің көзін балшықпен сылай алмайтыныңыз секілді, жай ғана мақтанумен алысқа ұзамайтынымыз анық. Шын мәнінде, бәрі өзімізден, өз байлығымызды өзіміз бағаламаудан туып отыр. «Пайдасыз бұлт теңізге жауа- ды» демекші, әлі күнге дейін қалтамыз қампайса шетел асуға бейімбіз.
Екіншіден, ішкі туристік нысандарда заман талабына сай салынған қонақ үйлердің бағасы шарықтап тұрғаны жасырын емес. Туристердің көңілі осы үшін де қалып жатады. Отандық туризмге құйған қаржы жылдар өте келе инфрақұрылым болып өзімізге қайтатынын білсек те, әзірге біздің аймақта бұл саланың дамуы жөнінде ауыз толтырып айтуға әлі ертелеу.
Мәселен, туризмді жолға қойған Грекияға жыл сайын 20 миллион турист келеді екен. Ішкі жалпы өнімнің 15 пайызы туризм саласынан құралады. Түркия әлемде танымал бағыттар бойынша алтыншы орында тұр. Демек, ішкі туризм – тың өріс және тұрақты табыс көзі. Сондықтан, Анталья асып, Дубайда думан құрар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да мән бергеніміз жөн.
Тұздыкөлдің бағы ашыла ма?
И н д е р а у д а н ы н д а ғ ы Тұздыкөлдің бүгінгі жағдайын жұртшылық жақсы біледі. Туристік мекен салуға сұранып тұрған шипасы мол аумақтың қазіргі таңда «жабайы» жағажайға айналып отырғаны өкінішті. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық д а м у б а с қ а р м а с ы н ы ң мәліметінше, Тұздыкөлдің емдік қасиетін анықтау үшін Атырау мұнай және газ университетінің ғылыми қызметкерлері ғылыми- зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми негіздеме жасақтаған. Соның нәтижесінде инвесторлар іздестіріліп, бүгінде «НефтеСтройСервис» ЖШС Индер тұзды көлі жағалауынан демалу-сауықтыру кешенін салуға ниет білдірген.
Инвестор жобаны бірнеше кезең бойынша іске асыруды жоспарлап отырған көрінеді. Ал, биыл Индер аудандық әкімдігі өзекті мәселені шешу мақсатында жергілікті кәсіпкермен келісімге келуде. Яғни, жағажайды индерлік бизнес иесі демалыс және тамақтану орындарымен қамтамасыз етеді. Маусымдық жұмыс болғаннан кейін бұл орын келушілерді шілде, тамыз айларында ғана қабылдайды.
– Біз жабдықтармен көмектесеміз. Кәсіпкерге у а қ ы т ш а п а й д а л а н у ғ а мүмкіндік беріп отырмыз. Тамақтану, демалыс орындары болғаннан кейін электр қуаты, биоәжетханалар қажет. Сол себепті, генератор, басқа да қажетті құрал-жабдықтарымызды ұсынамыз. Бүгінде Тұздыкөлге жол сілтейтін бір ғана бағдарлау белгісі болса, енді екіншісі қойылады. Сонымен қатар, келушілерге алғашқы дәрігерлік көмек ұйымдастыру жоспарлануда. Бір ерекшелігі, кәсіпкер тамақтану орындарында ұлттық тағам түрлерін ұсынады. Бұл мәселелер он шақты күннің ішінде шешімін табатынына сенімдімін, — деді Индер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Дулатбай Сариев.
Ерекше қорғалатын аймақта
Атырау облысында туризм түрлерін дамыту бағытында толық талдау жүргізілген. Негізінен, біздің өңірде, курорттық аймақтардың болмауына байланысты, «демалыс күндер турлары» бағыты ыңғайлы болып табылады. Осы бағыт бойынша туристік маршруттар жасақталып, соларды дамытуда «Планета КЗ» компаниясы ішкі туризмге қызмет етуде. Мысалы, жаз мезгілінде Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына туристерді, қонақтарды апару қолға алынды. Ерекше қорғалатын аймақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және бүкіл әлемнің орнитологтарының қызығушылығын танытатын сирек кездесетін құстардың 292 түрі және балықтың 47 түрі бар.
– Резерват аумағында екі б а ғ ы т т а : «Табиғат әлемі» (қашықтығы – 20 км) және «Су әлемі» (27 км) атты экологиялық маршруттар іске қосылған. Сонымен қатар, туристердің қызығушылығын тудыратын нысандардың бірі – бекіре өсіру зауыты бар. Сұраныс болған жағдайда бұл жерге де туристерді апарамыз, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық д а м у б а с қ а р м а с ы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаева.
А л , б и ы л о б л ы с т ы ң туристік логотипін жасатып, ескерткіштер мен туристік нысандарға QR кодтар орнату жоспарланған.
Р.S.:
Бүгінгі әлемдегі ахуалға байланысты көптеген туристік компаниялардың қызметі тұралап қалды. Туристер қатары азайғаннан кейін кеңсені жалға алу, қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызметтерді өтеу қиынға соға бастады. Мамандар соңғы уақытта ішкі және сыртқы туризмге сұраныс күрт азайғанын айтуда. Десек те, экономика тетігі бола алатын сала бұрынғы қалпында қалмауы тиіс. Туристік орындарға дейін жол төселіп, келушілерге жағдай жасалса, қаражат та өңірімізде қалар еді. Қайткен күнде де, өңірде кенжелеу қалған салаға тың жобалар мен инвестиция қажет. Өз байлығымызды өзіміз игеріп, пайдаланғанымыз қандай жақсы!
Айбөпе САБЫРОВА
*Тақырыпқа тұздық
Атырау қаласы маңынан Жұмыскер ауылына жақын жерде «Нурлы-Тал» атты этно-ауыл салу инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Ол үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан жер телімі бөлініп, эскиздік жобасы жасақталды.
Атыраудың бес кереметі:
Еліміздің өзге өңірлерінен облысымызға туристер келді делік. Мәртебелі меймандар ең алдымен қайда сапарлай алады?
1.
Өңірдің ең перспективалық туристік нысандарының бірі, сондай-ақ, өңірлік деңгейдегі туристендіру картасының ТОП-50 тізбесіне енгізілген – Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығы. Тарихи-мемориалдық кешен құрамына Хандар Пантеоны кіреді. Сондай-ақ, мұнда мешіт бар. Қасиетті орынның іші толықтай жасақталып, Михраб, Мінбарлар қойылған. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп, Құран оқытып, дұға етеді. Ал, мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. Атырау-Сарайшық туристік маршрутының сыртқы жарнамалық жұмыстары жандандырылып, маршрут бойында 6 билборд пен 10 жол көрсеткіші орнатылды.
2.
Халық арасында «Дала дәрігері» аталатын Индердегі Тұздыкөлдің қасиеті бұрыннан белгілі. Көлдегі тұздың қоры әлем бойынша екінші орында. Жалпы, ауданы 110,5 шаршы шақырымды құрайды. Жағалауы сай-жыралармен тілімделген. Осы жардың түбінен шығатын тұзды бұлақтар бар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп, тұзды су құрамындағы элементтер 25 түрлі ауруға ем болатыны анықталған.
«Қара балшық» минералдармен қатар, гумус, ферменттерге өте бай, олар адам денсаулығына аса пайдалы. Көлге түскен немесе қонған жәндіктер кейін ұша алмай тұздалып, ешбір шіріместен ыдырайды және жел арқылы жағаға келіп, балшыққа айналады. Индерде көлден басқа 300 метр тереңдікте тұз қабатында орналасқан шахта бар. Оған өкпесі ауыратын адамдар, әсіресе, қолқа демікпесіне шалдыққандар өз бетімен келіп емделеді. Дегенмен, ол қазір жарамсыз күйде тұр.
3.
Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағалауы аң және балық аулауға өте қолайлы аймақ болып табылады. Бұл жердегі бірнеше туристік базаларға жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде аң, балық аулауға мыңға жуық қазақстандық, шетелдік туристер келеді.
Аудан аумағында үш туристік нысан жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданында лотос гүлдерінің бағы келушілер қызығушылығын арттырады.
4.
Ақмешіт қорымы – ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік беретін нысан. Тамыры тереңге жайылған тарихы бар, имандылық ұйыған орта, Бекет атаның кіндік қаны тамған жері Жылыой ауданының орталығынан 64 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер Қазақстанның түпкір-түпкірінен келетін туристердің қызығушылығын тудыруда. Сонымен қатар, Жылыой ауданындағы Алтын адам табылған Аралтөбе жерін, Ақтолағай, Ақкерегешін, Иманқара тауларын көруге де сұраныстар аз емес.
5.
Исатай ауданындағы Нарын құмдары квадроциклмен шалғай құмда жүру, Джиппен авторалли экстремалды туризмін ұйымдастыруға қолайлы. Алайда, бұған қызығушылық танытқан кәсіпкердің болмауы саланы дамытуға кедергі келтіріп отыр.
Айбөпе САБЫРОВА