«АТЫРАУДЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ»

аймақтық көрме-байқау осылай аталды

Бейсенбіде «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Атыраудың үздік тауары - 2014» аймақтық көрме-конкурсы өткізілді. Оған облысымыздан 30-дан астам бизнес субъектісі немесе осынша тауар өндіруші компания-кәсіпорын қатысып, өз өнімдері мен қызмет түрлерін келушілердің назарына ұсынды.

 

Дәстүрлі шараның салтанатты ашылу рәсімінде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев көрме-байқауға қатысушыларды құттықтап, жылы лебізді сөздерін арнады.

– Мұндай кең ауқымды шараны ұйымдастырып, өткізудегі басты мақсат – өз жерімізден өндіріле-тін отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа жылжыту, яғни экспортқа шығару, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапа менеджментін енгізу. Осындай нарқына парқы сай өнімдердің түрі мен көлемін көбейтіп, Қазақстан нарығын сапалы тауарлармен толықтырып, ішкі-сыртқы сұранысты бірдей қанағаттандырып отыруға қажетті жағдай туғызу, сөйтіп «қазақстандық үлестің» салмағын ұлғайтуға атсалысу, – деді Ғұмар Ислямұлы.

– Жылдағыша, биылғы көрме-байқау да «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халық тұтынатын үздік тауар» және «Үздік азық-түлік өнімі» деген үш аталыммен өткізілгелі отыр. Ендеше, бұл жолғы додаға барын алып, бағын сынай келген барша бизнес құрылымдарының өкілдерін шараның ашылуымен құттықтаймын, табыс пен сәттілік тілеймін!

Бұдан соң аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен облыстық жұмыс берушілер және кәсіпкерлер қауымдастығының төрайымы Әлия Бекқожиева ғимараттың кіреберісіне керілген лентаны кесті.

Байқағанымыздай, аумағы атшаптырым кешеннің кең залына жайғастырылған көрмеге бұрыннан қатысып, олжалы оралып жүргендермен бірге, облысымыздың әр өңірінен бұйымдарын базарлай жеткен ауыл кәсіпкерлері де келіпті. Көпшіліктің назарына ұсынылған өнімдердің түрі де сан алуан. Мұнай-газ өнеркәсібінен бастап, көлік-коммуникация, коммуналдық шаруашылық саласында, құрылыс индустриясында қолданылатын қондырғы-құрылғылар, қала берді ауыл шаруашылығы құрылымдары қойған азық-түлік тауарлары, тұрмыста қолданылатын қолөнер бұйымдары көздің жауын алады.

Олардың қатарында бұған дейін де жұртшылыққа жария қылып жүрген Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС мен «Атырауагроөнімдері» ӨК-нің соңғы кездері шығара бастаған сиыр мен ешкі сүті және одан дайындалған дәмі тіл үйірер өнімдер, Алмалы ауылының кәсіпкерлері әкелген нан-бөлке түрлері, «Інжу-Маржан», «Тілекші» ЖШС тәрізді балық шаруашылығы кәсіпорындары ұсынған су маржандары мен өңделген жеңсік тағамдарды, т.б. көптеп атауға болар еді. Атырау қаласын айтпағанда, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Қызылқоға, Жылыой, Мақат, Исатай аудандарынан да кезекті көрме-байқауға қатысушылар қатарының көбейе түскендігіне, бұлардың арасында бұрын-соңды көп байқала бермейтін, ұлттық салтымыз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауға бет бұрғандардың да барына көз жеткіздік.  

Осылардың бәрін Ғұмар Ислямұлы жанындағы салалық басқарма, қала басшыларымен бірге аралап көрді. Әрқайсысына тоқталып, өздерінше бағасын да берді. Дегенмен, нақты қорытындысы, кімнің оза шапқаны, қай тауардың бағы жанып, байрақты болғаны арнайы құрылған комиссияның ақтық шешімінен кейін белгілі болады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз