
Атыраудан Шымкентке әуе рейсі ашылуы мүмкін
Аtr.kz/8 маусым, 2020 жыл. Атырау халықаралық әуежайынан Шымкент қаласына қатынайтын әуе рейсі ашылуы мүмкін.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, алғашқы кезекте «Атырау-Шымкент» және «Шымкент-Атырау» әуе рейсін ашу жоспарланып отыр.
«Екі қала арасындағы әуе тасымалын қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы жүзеге асырады деп күтілуде. Өйткені, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен FlyArystan авиакомпаниясы арасында келіссөз басталды. Мақсат – жолаушыларды қолжетімді авиабилетпен қамтамасыз ету»,- деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тараптар келісімді талқылап, ортақ мәмілеге келсе, Атырау қаласынан тұрақты жолаушылар рейсін бастау туралы келісімшартқа қол қою жоспарлануда.
«ҚазАқпарат»