
Жаңалықтар
Атыраудан Алматыға бет алған ұшақ Қызылордаға шұғыл қонды
Атыраудан Алматыға ұшқан ұшақ жолаушылардың бірінің денсаулығына байланысты шұғыл түрде Қызылордаға қонды.
FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, 1 шілдеде Атырау-Алматы бағытындағы KC7196 рейсі сағат 7:00-де Қызылордаға шұғыл қонды. Оған жолаушылардың бірінің денсаулығының нашарлығы себеп болған.
«Жолаушы Қызылордада медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Ұшаққа жанармай құйылды, ол Алматыға ұшуға дайындалып жатыр», — делінген әуетасымалдаушы хабарламада.
Әуе компаниясы рейстің кешігуіне тасымалдаушының кінәсі болмағанын атап өтті.
Бұған дейін Дубайдан Алматыға ұшатын қазақстандықтар техникалық себептерге байланысты шетелде біраз уақыт «құлыпталған».