Атыраудағы соңғы тіркелген үш адамның вирусты қандай жағдайда жұқтырғаны белгілі болды
Atr.kz/9 сәуір, 2020 жыл. Қауіпті індетке шалдыққандардың барлығы бұған дейін «Стамбул — Атырау» рейсімен елге ұшып келген жолаушылармен бір бортта болған адамдар екені анықталып отыр.
«Аталмыш рейс 27 наурыз күні Атырауға қонған болатын. Сол күннен бері жолаушылардың барлығы карантиндік стационарға оқшауланды. Қазіргі таңда 1958 жылы туған ер адам мен әйел адам және 1981 жылы туған ер адам инфекциондық стационарға жатқызылып, бекітілген бірегей хаттама бойынша ем алып жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде» делінген Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметте.
Бүгінгі таңдағы жағдай бойынша, Атырауда қазір 39 адам коронавирус дертінен ем алып жатыр. Бұған дейін хабарланғанындай, екі науқастың жағдайы ауыр.
Қазіргі уақытта қауіпті індет жеті қазақстандықтың өмірін алып кетті.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА