Жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлері өзгереді

20171212111309 Жаңалықтар

Atr.kz/12 маусым, 2019 жыл. Жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлері өзгереді.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайдыы ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін асырауындағылар санына сәйкес қолданылатын коэффициентті арттыру көзделген. Мәселен, асырауында бір адам болса, коэффициентті 40-тан 50 пайызға; екі адам болса, 50-ден 65 пайызға; үш адам болса 60-тан 80 пайызға; төрт және одан көп адам болса, 80-нен 100 пайызға арттыру ұсынылады.

Жалпы алғанда, әрбір коэффициенттің өсімі бұрынғы мөлшердің 25 пайызын құрайды. Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың теңге. Ол 7 жыл жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары төленген болса, онда асырауында қалған бір балаға әлеуметтік төлемнің мөлшері қолданыстағы формула бойынша 18 390 теңгені, ал заң жобасындағы жаңа формула бойынша 23 907 теңгені (өсім 30%) құрайды», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, асыраушысынан айырылған балаларды әлеуметтік қорғау жүйесі көп деңгейлі екенін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы сомасын қосқанда, жалпы төлем сомасы айына 49 448 теңге болады. 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алушылар саны 45 мың адамға жетті. Төлемнің сомасы 8,7 млрд теңгені құрады.

Бұдан бөлек, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлері қайта қаралады.

«Төлемді анықтау барысында қолданылатын табысты алмастыру коэффициентін 30-дан 40 пайызға арттыру қарастырылған. Бұл Дүниежүзілік еңбек ұйымының ұсынысымен сәйкестендіру үшін жасалып отыр. Екіншіден, жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімін жүйеге қатысу өтіліне байланысты 4-тен 6 айға дейін ұзарту ұсынылады. Қазіргі таңда 6 айға дейін әлеуметтік төлем тек жұмысынан штаттың қысқартылуы, заңды тұлғаның таратылуы бойынша айырылған жағдайда ғана тағайындалады. Заң жобасында жұмысынан айырылу себебіне байланыссыз, еңбек өтіліне қарай төлем мерзімін ұзарту көзделген», – деп түсіндірді Б. Сапарбаев.

Былтыр жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алушылардың орташа жылдық саны 47,6 мың адамды құрады.

«Сонымен қатар, жаңадан келетін және қазіргі төлем алушылар арасында шиеленісті болдырмау мақсатында асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді алып жүрген азаматтар үшін жаңа өзгерістерді қолдана отырып, бір реттік қайта есептеу жүргізуді ұсынамыз», – деді министр.

Жалпы алғанда, заң жобасын қабылдау нәтижесінде 3 әлеуметтік тәуекел түрі бойынша әлеуметтік төлемдерді арттыру ескерілген. Яғни еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің өсуі 200 мыңнан астам адамды қамтиды және төлем орташа есеппен 30 пайызға артады.

«Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемнің байланысы күшейеді», – деп түйді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының негізгі мақсаты – еңбек өтілі мен әлеуметтік төлем мөлшерінің арасындағы өзара байланысты күшейту, сондай-ақ 2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерлерін орташа есеппен 30 пайызға арттыруды қамтамасыз ету.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз