Үш жолақты болуы мүмкін: Атыраудағы орталық көпір қайта жаңғыртылады

prararara Жаңалықтар

Азия мен Еуропаны жалғайтын орталық көпір маңындағы бұрғының дауысы еріксіз назар аудартты. Жайық жағасымен ерсілі-қарсылы жүрген жүргіншілер де арнайы қондырғымен жұмыс жасап тұрған мамандарға таңырқай қарап алған. Осы сәтті «Атыраудың» фототілшісі «нысанаға» алған болатын. Мән-жайды білу мақсатымен біз нысан басына қарай аяңдадық.

Өзін «Ермек Бекбергенов» деп таныстырған инженер-маман орталық көпірді жаңғырту (реконструкция) аясында инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады.

– Бас мердігер мекеме «ПК Арнай» ЖШС-гі қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің тапсырысымен бұрғылауда. Қондырғының көмегімен терең саңылау (ұңғыма) жасап, топырақ сынамасын алдық. Материалды зертханаға тапсырамыз. Мамандар топырақтың сығылу жəне беріктілік қасиеттерін анықтайды. Зертханалық зерттеудің негізінде жобалық шешім шығарылады, – деді Е.Бекбергенов.

Осыдан дəл бір жыл бұрын көпір «тіреуі жылжып кеткен» деген себеппен он шақты күнге жабылған еді. Сол кезде облыс басшысы қала əкіміне шұғыл түрде орталық көпірді жөндеу бойынша шара қабылдауды тапсырған болатын. Атырау қаласының баспасөз қызметінен көпірге байланысты жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып жатқанын білдік. Қала орталығын қосатын көпір үшжолақты болуы ықтимал.

– Бұл нысанның астымен ыстықсалқын судың технологиялық желілері өтеді. Қазір алдын-ала жобалау жұмыстары жасалып жатыр. Жоба бойынша көпірдің ені үшжолақты қозғалыс жасауға мүмкіндік береді. Ал, жаяу жүргіншілер үшін темірден жасалған қосымша бөлігі болуы мүмкін. Əрине, бұл техникалық шешімдерден кейін белгілі болмақ, – деді қалалық баспасөз қызметінің өкілі.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Атырау қаласындағы орталық көпір 1965 жылы «Гипрокоммундортранс» жобасы бойынша салынған. Техникалық құжаттамаға сəйкес, ол тіке орналасқан жəне 90 градус бұрышта Жайық өзенін кесіп өтеді. Жалпы ұзындығы – 260,5 метр, көлік жолының көлемі – 13 метр. 1999 жылы көпір төсемінің барлық элементтері толық ауыстырылып, қайта жаңғырту жүргізілді. Ал, 2016 жылы жүргізілген техникалық тексеру көпірдің тіреуіштері ескіріп, жөндеуге мұқтаж екенін анықтаған. Демек, тағы бір күрделі жөндеудің уақыты келді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз