АЛАШТЫҢ АҚЫН ҚЫЗЫНА ҚҰРМЕТ

«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева биыл 70 жасқа толды. Бейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мерейгерді қабылдап, оны өмір жолындағы елеулі кезеңімен атыраулықтар атынан құттықтады.

Кез келген мамандықты оқып, үйренуге болады. Тек қаламгерлер мен музыканттардың бойына ғана ерекше қасиет табиғаттан дарыған. Мен мұны үнемі айтып келемін, – деп, аймақ басшысы ақынға қош келдіңізін айтты.  – Өмір жолыңызда өзіңіздің бойыңыздағы тамаша қасиеттер – қаламгерлігіңізбен, ақындығыңызбен, адамгершілігіңізбен жүрген ортаға тәрбие беріп келесіз. Халық Сізді таныды, шығармашылығыңызды жанға жақын қабылдап, іздеп оқып жүреді. Батыс өлкесі мен Астана және Алматы қалалары мерей жасыңызды өзіңізбен бірге салтанатты түрде дүркіретіп тойлауы осы құрметтің бір белгісі деп білемін. Міне, бүгін Атырау жұрты да Сізді құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізгелі отыр. Өлеңдеріңізді оқып өскендіктен, біз өзіңізді тік тұрып қарсы алуға тиіспіз.

Атырау жұртшылығы – өнер мен әдебиеттің құдіретін түсіне білетін  халық. Мұнайлы өлке топырағынан да бірнеше мықты ақындардың шыққаны – соның бір дәлелі. Жуырда облыс әкімінің бастамасымен Атырау ақындары шығармашылығының он томдық онтологиясы жарыққа шыққан болатын.  Мұнда Күлтегіннен бастап соңғы буын ақындарының өлеңдері енгізілген. Аталған кітапқа облыс басшысы эпилог ретінде өзі өлең шумақтарын жазған.

Атырау халқы мені үнемі өз жұртымдай жылы қабылдайды. Фариза екеумізді «егіз қызындай» бірдей құрметтейді. Елде болып жатқан жақсы жаңалықтарға құлағымызды түріп, куә болып отырамыз. «Қара алтын» – мұнайымызбен, ерке Жайығымызбен, елдің ертеңгі ұрпағымен мақтанамыз. Бүгін Атырау халқы ақын қызын сыйлап, құрметпен қарсы алып жатыр. Мерей жасыма орай салтанатты кешті ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға алғысым шексіз, – деп ақын Ақұштап Бақтыгереева ризашылығын білдіріп, өз шығармашылығының «Фолиант» баспасынан шыққан үш томдығын Бақтықожа Салахатдинұлына сыйға тарту етті. Бұл жинақтарға оның өмір бойы жазған жырлары енгізілген. Сонымен қатар, облыс әкімінің анасы Әсима апамен бірге дастархан басында күй тартып отырған суретті естелік ретінде табыстады.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз