Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Кореяда білім алмақ
Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. Кореядан келген сүйінші хабар атыраулық оқушының отбасын қуанышқа бөледі.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Арсений Кан Тэджон озық технологиялар университетінде тегін білім алуға ресми жолдама алды, — деп хабарлайды білім ордасының баспасөз қызметі.
Шығыстың жетекші университеті атыраулық оқушының ғылыми-зерттеу саласындағы еңбектері мен жетістіктеріне тәнті болған. Арсений Кан физика пәнінен облыстық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Ол 2018 жылы «Фоксфорд» Халықаралық онлайн-олимпиадасында жүлделі І орынды иеленсе, кейін, Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Шапағат» ғылыми-зерттеу конкурсында үздік эссе аталымында табысқа жетті. Арсенийдің соңғы жетістіктерінің бірі «NURINTECH» ғылыми жобалар байқауы. Нұр Отан партиясы ұйымдастырған конкурста жас өнертапқыш жүлделі орынға және қомақты сыйақыға ие болды.
Арсений Кан жарық сәуленің көмегімен деректерді тасымалдау жобасының авторы. «Smart Lights» жобасы болашақта біз пайдаланып жүрген кәдімгі сымсыз желіні алмастыруы мүмкін. Қазір дарынды оқушы нанотехнологияға қызығушылық білдіруде.
«Әрине бұл жетістіктерге жетуіме аймақтағы зияткерлік мектептің септігі зор. Өйткені мұнда сабақ беретін информатика және физика пәндерінің ұстаздары менің бойымдағы қабілетті байқады. Сол үшін ұстаздарыма және қолдаған ата-анама алғыс білдіремін. Болашақта еліміздің физика саласына жаңалық енгізгім келеді», — дейді болашақ мектеп түлегі.
Білім ордасын аяқтайтын 12 сынып оқушысы биыл маңызды үш емиханды сәтті тапсырғанын айтады. Ол Халықаралық IELTS емтиханының нәтижесі — 8.0 ұпайға, TOEFL 109-ға, ал жалпы академиялық бағалау сынағының нәтижесі 1530 балды құрағанын айтады.
Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласындағы озық технологиялар университетінің іргетасы 1971 жылы қаланған. Кореяның алғашқы ұлттық ғылыми-зерттеу университеті қазір әлемнің озық елу оқу орынының қатарына кіреді.
*Материал аталған мектептің баспасөз қызметімен ұсынылды