![Атыраудағы мектепте жұрт неге дүрлікті? 1 zhar](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/zhar-780x470.jpeg)
Атыраудағы мектепте жұрт неге дүрлікті?
Бүгін Атырау қаласындағы мектептердің біріне жарылғыш зат қойылды деген хабар тарады. Бұл ақпарат мұғалімге белгісіз біреулерден келіп түскен. Оқиға туралы дерек құзырлы органдарға жеткізілген бойда құқық қорғау қызметкерлері жедел әрекетке көшіп, білім ордасының аумағын толық тексерді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, тексеру барысында күдік тудыратын заттар анықталған жоқ. Қазір аталған дерек бойынша “Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау” бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, заң талаптары да күшейтілді. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабар берген адам жазаға тартылады.
–Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Құқық қорғау органдары тұрғындарды жалған ақпарат таратудың салдары ауыр екенін қатаң ескертеді, — дейді М.Ердәулет.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА