
Атыраудағы көшеге ұстаз есімі берілді
Атырау селосына қарасты «Қызыл балық» ауылында енді Жәлел Иманғалиев көшесі бар. Бүгін есімі елге белгілі Ұлы Отан соғысының ардагері, бар саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаз Жәлел Иманғалиевтың атындағы көше салтанатты жағдайда ашылды. Оған ұлағатты ұстаздың балалары, шәкірттері, әріптестері қатысып, өмірі өнегемен өрілген біртуар тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

“Қызыл балық” ауылының тұрғындары Жәлел Иманғалиевтың есімін үлкен құрметпен атап, жылы естеліктерімен еске алады. Өйткені, ауыл халқының басым бөлігі — белгілі ұстаздың тәлімін алған шәкірттерінен тараған ұрпақ. Оның тәлімі мен білімін алған оқушылары бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүр.
Жәлел Иманғалиұлы 1919 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Алғашында Андреев атындағы мектепті кейіннен Сарайшық орта мектебінде оқыған. 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Забайкале әскери округы, Иркутск қаласы маңында әскери қызметін атқарған.1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, жаяу әскер құрамында станокты пулеметші болған. Мәскеу түбіндегі Смоленск, Вязна, Сафроновка қалаларын қорғауға қатысқан.

1946 жылы Кеңес армиясы қатарынан келгеннен кейін Исатай ауданының Тұщықұдық ауыл кенесінде Кегановия атындағы 7 жылдық мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен еңбек жолын бастап, Жылыой ауданындағы мектептерде кейіннен Манаштағы Ақарал мектебінде меңгеруші болып қызметін жалғастырған. 1957-1988 жылдар аралығында Дамбы ауылдық кеңесіне қарасты Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте үздіксіз еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 1948 жылы Гурьев училишесін, 1956 жылы Гурьев мұғалімдер институтын 1966 жылы Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтын казақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп шыққан. Ұстаздық жолдағы қызметіне жетістіктері үшін 2003 жылы Атырау мұғалімдер энциклопедиясына, 2014 жылы Тұшықұдық ауылдық шежіресі кітаптарына енгізілген.
Соғыс кезіндегі еңбегі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және көптеген медальмен марапатталған. Ол ауылдың қоғамдық саяси өміріне де белсене атсалысқан.

Ұзақ жылғы қызметі үшін Жәлел Иманғалиевке 1985 жылы Қазақ ССРі Халық ағарту ісінің озық қызметкері атағы берілген. Бүгінде әке жолын 3 қызы, 3 немересі жалғастырып келеді. Бар саналы ғұмырын оқу ағарту саласына арналған ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Жәлел Иманғалиев 1995 жылы 10 қазанда 76 жасында өмірден өткен.

Ұлағатты ұстаз атындағы көшенің ашылу салтанатында Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Халмурзин, Жәлел Иманғалиұлының шәкірті мен ұлы сөз сөйлеп, шынайы лебіздерін білдірді.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ