Алаш тарихын зерттеуге бірізділік керек

ЕАС 990 Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Күн тәртібіне сәйкес ресми қонақ облыстың архив саласының мән-жайымен танысты. Мұнан соң Борис Әлікенұлының қатысуымен Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тәуелсіздік тағылымы: Батыс Алаш Орда тарихынан»» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шараға облыстың архив мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарихшылары қатысты.

ЕАС 990

Онда Қазақстанның қалыптасу тарихы, қазақ елінің негізін қалаған Алаш Орда қозғалысының маңызы кеңінен айтылды. Жиын барысында кеңестік дәуірде халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбандарына айналған беймәлім тұлғалардың есімдері де белгілі болды.

Қайраткерлерге арналған көрме

«Дөңгелек үстел» басталмас бұрын Қазақстан Республикасы Президенті Архиві ұйымдастырған тарихи-құжаттық көрменің таныстырылымы өтті. Аталмыш архивтің бас сарапшысы Әлия Сүлейменованың айтуынша, Атырау өңірінің жұршылығына ұсынылған көрмеде Алаш партиясының құрылуы, әсіресе, Батыс Алаш Орда қозғалысының тарихы қамтылған. Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына орай жасақталған көрме үш тарауға негізделген.  1900-1920 жылдар аралығындағы Алаш қозғалысы идеясының бастауында тұрған мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Бақытжан Қаратаев, Ноян Тұндытов секілді қайраткерлердің батыс өңірінде жұмыс жүргізгендігі, 1917 жылдың жалпы қазақ съезіндегі «Алаш» партиясын  құру туралы мәселе қаралғандағы құжаттары қойылды. Одан кейінгі тарау 1920-1928 жылдарды қамтиды. Алаш үкіметінің қайраткерлеріне берілген кешірім олардың большевиктік билікке тікелей араласқаны жөніндегі құжаттарда бар. Үшінші тарау-да 1929-1938 жылдардағы биліктің тарапынан жүргізілген партиялық тазалаулар туралы мәліметтер көрініс тапқан.

– Көрмеге Батыс өлкенің негізгі қайраткерлері Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерден де өзге аты беймәлім тұлғалардың құжаттарын әкелдік. Олардың қатарында Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметовтің партиялық тазалауға ұшырағаны жөніндегі тергеу ісін көре аласыз. Белгілі опера әншісі Роза Жаманованың әкесі Үмбет Жамановтың репрессияға ұшырағандығы туралы құжаттары бар. Алаш офицері атанған Бермұхамед Сейсекеновтің құжаттары да әкелінді. Атырау жұртшылығы аталмыш жылжымалы құжаттық көрмені жыл аяғына дейін тамашалауына болады,- дейді Ә.Сүлейменова.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов  Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өткізіліп отырған жиынның мәні мен мазмұны хақында кеңінен әңгімелеп, кіріспе сөзбен ашты.

ЕАС 973

Борис ЖАПАРОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор:   

ЕАС 994

Ұлттық мұра – архивтерде

– Бүгінгі басқосуымыз Алаш Ордасының тарихына байланысты болып отыр. Алаш қозғалысына тікелей қатысқан Атырау өңірінен түлеп ұшқан тұлғалар да бар. Жеке тұлғалар туралы энциклопедиялық анықтамалық деректердің қатарында «Қазақстан халық комиссарлары» атты шығарылған еңбекті де атап өту қажет. Анықтамалықты дайындаушылардың есебінше, 1920-1946 жылдар аралығында 182 халық комиссары (авт. – комиссарлар – қазіргі министрлер) ауысқан. 1939 жылға дейін 132 халық комиссары болған. Оның алтауы 1937 жыл-ға дейін дүниеден өткен. Аталған мерзім ішінде 74 халық комиссары қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның 51-і ату жазасына кесілген, екеуі өзіне-өзі қол жұмсаған. Қалғандары бас бостандықтарынан айырылып, тұтқындалған. Байтұрсынов, Әлібеков, Кенжин, Мырзағалиев, тағы басқа Алаш қозғалысының белсенділерін атауға болады. 2014 жылы Атырау өңірінің тумасы Асфендияр Кенжиннің құжаттарын жинақтап, кітап шығардық.

ЕАС 706

Шахман НАҒИМОВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

Нагимов Шахман

Өткенді зерттеу – жас ғалымдар еншісінде

– Расында, сол бір ауыр кезеңдерде өз халқына қарсы қолмен ұйымдастырыл-ған  саяси қуғын-сүргін туралы әңгіме қозғалғанда, біздің ұстанымдарымыздың мейлінше айқын, әрі нанымды болғаны дұрыс. Жиырма жылдан бері осы мәселені зерттеп келемін. Нәтижесінде, 2015 жылы «Азалы ақ кітап» атты жинақты шығардым. Қарап отырсақ, сол зұлмат жылдары Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырамаған бірде-бір жанұя болмаған. Алаш Орданың батыс бөлігінде қазіргі  Қызылқоға ауданының Қаракөл, Қарабау, Кермеқас, «Қызылүйдің» бірқатар мұғалімдері қызмет еткен. Оны Атырау облыстық мұрағатының материалдары дәлелдеп отыр. Құжаттан мысал келтірсем, 1937 жылдың 13 сәуірінде Гурьев округтік атқару комитетінің төрағасы Орынбаевтың Гурьев округтік оқу бөлімінің бастығы Цалаговқа жазған хатында мұғалімдердің арасындағы «Кеңес-терге қарсы өзге элементтердің» тізімі жолданған, соған орай қатаң шара алынуы керектігін айтқан. Сол тізімдегі мұнай техникумының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өмірзақ Есмұрзинге, Аманғали Өстеміровке, Адамбек Ұйықовқа, Мұқамбетжан Шонбасовқа, тағы басқаларына «алашордашылар» деген айып тағылған. Аталған мұғалімдердің арасында Қазмұқаш Ибаршев пен Өмірзақ Есмұрзин 1937-1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылған. Оқыған діни қызметкерлердің де ұрпақтары жазаға ұшыраған. 1926 жылы дінге қарсы насихат бөлімдері де жұмыс жасады.

Осы зерттеулермен тоқтауға болмайды. Алдағы уақытта бұл мәселе ғалымдардың, магистранттардың айналысатын үлкен жұмыстары болары анық.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қызметкері Ғабит Базарғалиев сол кездегі  Алаш Орда үкіметінің Орал облысынан сайланған мүшесі Х.Досмұхамедовтің қайраткерлігі жайлы баяндады. Халел туралы университет ғалымдары Ресейдің Астрахан, Орынбор, еліміздің орталық архивтерінен, Қауіпсіздік комитеттерінен және Өзбекстаннан 200-ге жуық мәлімет кезіктіргенін айтты.

Айдар Сабыров, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті: 

Сабыр Айдар

Халел құрған қоғам бізге не берді?

Х.Досмұхамедовтің қоғамдық қайраткерлік қадамы Санкт-Петербургте оқып жүргенде қалыптасты. 1905-1907 жылдардағы революцияны көзімен көріп, бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар дүниетанымына  ықпал еткен. Қорғансыз елінің мүшкіл жағдайы үшін басын қауіп-қатерге тікті. Сол кезеңдегі баспасөз беттерінде 1917 жылы Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығын, оған Халелдің қатысқандығы туралы айтылып, мұнда Торғай облыстық комитетінің құрылғандығын, оның 14 мүшесі болғандығын жазған. Одан кейін қоғамдық-ағартушылық іске қатысты қоғамдар құрылып, жұмысын бастайды. Соның ішінде Халелдің жетекшілігімен мәдениетті көркейтушілердің «Талап қауымы» жұмыс істеген. Ол ұлттың арғы тарихының таласты жайларына арнап, бірнеше пікірталастар өткізген. Шоқан, Ыбырай, Абай құбылыстарына арнап, ғылыми мәнді әңгіме жүргізген. Мұның бәрін тарихтың қатталған құжаттарынан көріп отырмыз.

«Бүгінгі күні заман талабына сай Халелдің басшылығымен құрылған осы мәдени-ағарту ұйымдары қазақ хал-қына не берді?» деген сұраққа жауап берер болсақ, біріншіден, қиын кезеңде ұлттың зиялыларын елдік мұратқа топтастыра алды. Екіншіден, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы  және өзге де арыстарымыздың шығармашылық еңбектері Ташкенттегі Халел бастаған мәнді мәслихаттардың арқасында туды. Сондықтан, әлі де Халел Досмұхамедовтің мәдени-ағартушылық, тәлім-тәрбиелік көзқарасы, ұстанған идеялары бүгінгі ұрпаққа үлгі болары анық. Қазіргі таңда университет ғалымдары Халел мұрасын зерттеуді тоқтатқан жоқ. Кітап етіп жинақтауды көздеп отырмыз. Осыған Үкімет тарапынан қолдау болса, құба-құп болар еді.

Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  профессоры:

Аккали Ахмет

Мәлім де, беймәлім оқиғалар көп

– Алаш тарихына қатысты зерттеулер жасалғанда, сол кезеңдегі баспасөз материалдарына көңіл бөлу қажеттігін айтар едім. Мәселен, Гурьев округтік «Социалды құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1937 жыл-ғы 9 шілдедегі санында «Қазақ ұлтшылдарына және соған қарай ауа жайлаған уклонға қарсы» атты бас мақаласында: «…Контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдығымен ойдағыдай күресе алу үшін Алаш партиясының ертеде объективті революцияшыл рөлі болды дейтін партияға, советке қарсы шірік теориялардың қалдықтарын біржола құртуымыз керек. Өйткені, мұндай шірік теория контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдарына қарсы күресуімізді, қырағылығымызды төмендетеді, осымен бірге жауыз ұлтшылдарға олардың қаскүнемдік істерін жүргізуге мүмкіндік беретін бетперде болады. Бірақ, кейбір коммунистер (Мұқанов, Тоғжанов) соңғы уақытқа дейін өздерінің кітаптарында «Алашорданың объективті революцияшыл рөлі бар» деген шірік теорияны пропагандалаудан арылмай келеді.  Контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдығы жапон-герман фашизмінің агенті болып, мемлекетімізге саяси қауіп келтіріп отырғанда, олардың революцияшыл рөлі болды дегеннен артық ұлтшылдыққа жәрдем беруге болмайды!» деп жазды.

Сондай-ақ, бұл газеттің 1937 жылдың 3 желтоқсанындағы нөмірінде шыққан «Манаш мектебін кім басқарады?» деген мақалада: «Гурьев ауданы, Манаш ауылындағы мектептің директоры болып отырған Бекіш Иманғалиев патша заманында екі класты бітірген адам. 1918-1919 жылдары алашордашыларға белсене араласты»  деп сынап жазады.

Қазіргі таңда «алаштықтарға» қатысты көп адам біле бермейтін мәліметтің бірі – екінші дүниежүзілік соғыста Германияда құрылған Түркістан легионы құрамындағы «Темір атындағы Түркіс-тан батальоны», 162 түріктер дивизиясы және қазақтардың «Алаш» отряды. Түркістан легионында болған жерлесіміз Ғ.Бейісов соғыста барлау тобының жетекшісі фон Ганний Графтың орынбасары, жерлесіміз Әлихан Ағаевпен бірге дәмдес болғанын айтады. Кейін Ә.Ағаевтың 1944 жылы он екі адамдық топты екіге бөліп, Атырау жеріне десант болып түскені белгілі. Алашордалықтар туралы сөз қозғағанда, осындай мәлім де, беймәлім тұстары әлі де зерттеуді қажет ететінін айтқым келеді.

Муса ӨТЕПҚАЛИЕВ, медицина ғылымдарының кандидаты:

Муса Отепкалиев

Тағдыры қайшылыққа толы тұлға

– Алаш партиясының Батыс Қазақстандағы белсенді мүшелерінің бірі – Асфандияр Кенжиннің ұрпағымын. Осы жиынды пайдаланып, қысқаша тоқталып кетуді жөн көрдім. Менің атам Өтепқали – Асфандиярдың інісі. Яғни, екеуі – Кенженің ұлдары. Атамыздың Алаш Орда қозғалысындағы еңбегі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ол туралы негізінен Президент Архивінің бас сарапшысы Әлия Сүлейменова кеңінен зерттеді. Асфандиярдың бес баласы болған. Елдегі саяси ахуалда күдіктеніп, «балаларыма жамандық тимесін» деген ойда бесеуін бес жаққа таратып жіберіпті.

Қызы Софияны өзінің досы Әліби Жангелдиннің қолына апарып берген. Кейін апамыз бен Әліби Жангелдин бас қосып, отбасын құрады.  Олардың Шыңғыс деген ұлы бар. Қазір Алматыда тұрады. Шыңғыстан тараған екі ұл мен қыз бар. Екінші қызы Лияны Балтық жағалауына жіберген. Ол кісіні де көріп қалдық. Әкем мен жиен ағам Кеңес Нокин ұрпақтарымызды біріктіріп, кездестіру үшін көп еңбектенді. Асфандияр Кенжиннің Ресейде қалған үш ұлы жайлы да біліп қалдық. Баязит есімді ұлы хирург болған. Одан тараған ұрпақтарымен араластық.

Асфандиярдың екі ұлы Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмады. Қазір атамыз жайында бірнеше кітап шықты.  Атамыз күні кеше 1997 жылы ғана ақталды. Былтыр ақын Жеңіс Ароновпен ақылдасып, 1000 дана етіп кітап шығарған едім. Қызығушылық танытқандар болса, атам жайлы кітаптарды Асфандияр Кенжиннің шөбересі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалымы Қансұлу Өтепқалиевамен хабарласып алуға болады.

Райса Тастемірова, Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:

Райса Тастемирова

Беделді адамдарды пайдаланған…

– Бүгінгі басқосуымызға тақырып болып отырған Батыс Алаш Орданың әкімшілік құзыретіне бұрынғы Ойыл уәлаятының жеріне қоса Бөкей ордасының Ақтөбе, Ырғыз уездерінің аумағы кіргендігі белгілі. Ақтөбе об-лыстық мемлекеттік архиві қорында Алаш Орда партиясы құрамында 136 мүше болғандығы көрсетілген. Алаштықтар Кеңес билігіне Алаш автономиясын мойындатуды талап етті. Дегенмен, Алаш үкіметінің тарауына Кеңес үкіметі жергілікті сауатты, ел арасында беделі бар адамдарды пайда- ланғаны анық.

ҚР Президенті Архивіндегі 719- қорда Сағыз Ревкомының төрағасы болған Асфандияр Кенжиннің 1924 жылы жазылған өмірбаянында «Ақ жол» ұйымының тапсырмасымен Торғай өлкесіне жіберіліп, Батыс Алаш Орда үкіметінің беделін түсіріп, оның   саясатын әшкерелеу арқылы Кеңес үкіметі жағына шығаруды көздегенін және сол ұйым отырысында берілген тапсырма нақты орындалып, Алаш Орданың    Торғай бөлімі Кеңес үкіметі жағына шыққанын мәлімдейді.

Ресейдің ішкі аумағында сол шамада Башқорстан автономиясы жарияланып, 1919 жылдың 18 ақпанына дейін өмір сүріп, бұл үкіметке Ахмет Заки Уәлидің басшылық жасағанын тарихтан білеміз. Осы ұйыммен Алаш Орда басшылары байланыста болғандығы айтылып келеді. Ал, Башқұртстан мемлекеттік архивінде Ахмет Закидің жеке қорында бұл адамның алашордалықтармен жазысқан құжаттары, Ленинмен, Сталинмен, Мұстафа Шоқаймен «Түркістан автономиясын құру туралы» 1920-1930 жылдардағы 108 беттік құжаты сақталған.

Әбіл ЖОЛАМАНОВ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама бас-қармасының басшысы:

Абил

Архив құжаттары  1918  жылдан басталады

– Иә, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты –  ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында.  Бүгінгі «дөңгелек үстелде» айтылған ұсынысқа орай Халелдің мұрасын жинақтап, жарыққа шығаруға жұмыстанып жатқан тарихшылар болса қолдаймыз. Жалпы, қазіргі кезде «тарихты зерттеймін» деген адамға барлық жағдай жасалған.  Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы да тарихшылар мен мұрағатшылардың жұмысының мінсіз орындалуына жол ашып бергендей.

Атырау облысындағы тарихи деректердің басым бөлігі 1918 жылдардан, яғни, өңір аумағының қазіргі Батыс Қазақстан облысынан бөлініп шығуымен басталады. Дегенмен, бары осы деп отыруға негіз жоқ. Шет ел мемлекеттерінен қажетті мәліметті алуға мүмкіндік зор. Сондықтан,  тарихты түгендеумен айналысып жүрген мамандардың әлі де атқарар жұмыстары көп-ақ.

Түйін

Жалпы, әрбір өңірдің зерттеушілері сол өздерінің аумағындағы тұлғаларды ғана зерттеп, дәріптеп жүр. Айтпағымыз, алашордалықтардың кезіндегі негізгі мақсаты да, идеясы да бір еді. Бүгінгі ғалымдар мен алаштанушылар Алаш көсемдерін бөліп-жармай, жұмыла зерттеп, олардың есімдерін бір ғылыми еңбекке тоғыстырса, игі іс болар еді. Барлық орталықтың біріктірушісі, орталығы – ҚР Президенті Архиві жанынан жасақталса деген де ұсыныс бар. Өйткені, әлі күнге дейін қаншама зерттеу жүргізілсе де мәліметтер толыққанды болмай келеді.  Соның салдары шығар, тарихты зерделеуде әлі де бірізділік аз.

Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз