Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Атыраудағы кабель шығаратын зауыттың жайы қалай?

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Жұмысы тоқтап қала жаздаған өндірістің екінші тынысы ашылды. Осыдан төрт жыл бұрын іске қосылған Атыраудағы оптикалық-талшықтық кабельдер шығаратын зауыт бүгінде қалыпты жұмыс ырғағына көшті.

«Биыл «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ еліміздегі кабель шығаратын өндіріс орындарын біріктіріп, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетуде. Біздің зауыттың аталған қордың сатып алу қызметінің біліктілік іріктеуінен өтуі қуантады. Соның негізінде жұмыс көлемі ұлғаюда.

Жаңа деңгейге көтерілу сенімді жеткізуші және жоғары сапалы өнім өндіруші кәсіпорын екендігімізді көрсетеді. Қазір сапалы тауарымызға сұраныс артуда. Шетелден де тапсырыс берушілер бар. Дегенмен, проблемалар аз емес. Оның бастысы – қаржыландыру мәселесі» деді «Атырау» газеті тілшісімен сұхбатында зауыттың бас директоры Семен Хван.

ӨНДІРІС АУҚЫМЫ ӨСУДЕ

Бұрын байланысқа қажетті кабель ат арытып, алыстан тасымалданатын. Қазір бұл Атыраудан шығарылуда. Өндірістік жоба мемлекеттік индустриалды бағдарлама аясында жүзеге асты. Зауыттың бас директоры Семен Хванның айтуынша, кешен жаңа технологиялармен жабдықталған. Мұның еліміздегі осы саладағы өзге кәсіпорындардан ерекшелігі, талшықты-оптикалық және құрамында мысы бар телекоммуникациялық мақсаттағы кабель өнімдерін өндіретін жалғыз өндіріс орны.

– Атырау кабель зауытының өнімі заманауи жоғары технологиялар бойынша шығарылады. Өндірісте озық құрылғылар қолданылып, тауарлар жоғары сапалы материалдардан жасалуда. Бұл берілген параметрлерді аса жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді, — деді кәсіпорын басшысы.

Бүгінде жергілікті зауыт заманның озық үлгідегі өнімдерін өңдеу, өндіру және өткізумен айналысады. Кабель өнеркәсібі саласындағы қосымша құн салығы жоғары инновациялық аса қажетті дүниелерді шығаруда. Өндіріс орталығында жылына 11 мың шақырым кабель, оның 100ден астам түрі өндіріледі.

Мамандардың пікірінше, талшықты-оптикалық кабель өндірісінің артықшылығы көп. Қазіргі жоғары жылдамдықты интернет, теледидар арналарын сапалы қабылдау, сенімді байланыс жүйелерінде Атыраудың өнімі үлкен сұранысқа ие болып тұр. Зауыттың бас директоры Семен Хван бізді өндіріс желісімен бірге жүріп таныстырды.

– Бүгінде ауылдарға интернет желісі жеткізіліп жатыр. Оған біздің өнімдер де пайдаланылуда. Қазір ғана Өскеменге жіберілетін тауарды жүк көліктеріне тиеп жатырмыз. Яғни, еліміздің телекоммуникациялық мақсаттағы кабель өнімдеріне деген сұранысы қамтылуда. Өндіріс 2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Оның көлемін 3,5 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндігіміз бар, — деген ол негізгі тұтынушылар қатарында «Қазтелеком» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, көлік, телекоммуникациялық компанияларды атады.

ЖҰМЫСШЫНЫҢ БӘРІ – АТЫРАУДАН

Өндіріс орнына «Континент Ко ЛТД» өндірістіккоммерциялық фирмасы» ЖШС иелік етеді. Көпсалалы компанияның телекоммуникация саласында айтарлықтай тәжірибесі бар. Бұл серіктестік 1998 жылдан бастап кабель өнімдерін көтерме сатумен айналысты. Қазір еліміздің осы бағыттағы іргелі кәсіпорнына айналып отыр. Құрылым жетекшісі өндірістің жолға қойылуына «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының зор көмегі тигенін айтады. Соның негізінде алынған несиенің 7 пайызы мемлекет есебінен төленіп отыр.

Семен Хван өндіріс ауқымын ұлғайтуды, арнайы зертхана ашуды мақсат ететінін баяндады. Бүгінде олар банктің 500 млн. теңге несиесін төлеуде. Оған қосымша 160 млн. теңге қарыз алу үшін жұмыстанып жатыр. Жаңа зауыт жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ерекше үлесін қосты. Мұнда 65 адам еңбек етеді. Бәрі де – атыраулықтар. Соның бірі – бақылаушы Нұрбике Ізімова.

«Жұмыс процесін ерекше бақылауда ұстаймыз. Барлық іс автоматты түрде жүзеге асады. Олқылық байқасақ, өндірістік желіні тоқтатуға мүмкіндігіміз бар. Біз үшін бастысы – өнімнің сапалылығы» деді ол.

– Жұмысшы-қызметкерлердің барлығы дерлік – жас адамдар. Олардың жаңа технологияға қызығушылығы өте жоғары. Біз ынталылықты арттыру мақсатында әлеуметтік шаралар жасақталуына маңыз береміз. Ұжым мүшелерінің орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Еңбекке қатысу коэффициенті, өзге де төлемдерді қосқанда оның көлемі 260-280 мың теңгеге жетеді, — деді зауыттың бас директоры.

«ДАМУ» КӨРСЕТКЕН ДЕМЕУ

Өндіріс басында жолықтырған «Даму» қорының Атырау филиалы директорының орынбасары Есенжан Мусағалиев кабель зауыты және өзге өндіріс орындарын қолдауға байланысты жүзеге асырылған шаралар туралы айтып берді.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ауқымындағы кепілдендіру бойынша «Даму» қорының Атырау облысындағы филиалы елімізде үшінші орында. Жалпы құны 2 205,5 млн. теңгені құрайтын несие, 938,9 млн. теңгенің кепілдік сомасы бойынша 73 келісім-шартқа қол қойылды. Субсидиялау жөнінен де алдыңғы орындарды иеленеміз. Көлемі 6 271 млн. теңгенің 127 келісімшартына қол қойылды, — деді ол.

Кабель зауытының бас директоры Семен Хванның айтуынша, «Даму» қорының қолдауы нәтижесінде жұмыс ауқымы кеңейтіліп жатыр. Алыс-жақын шетелдерден де тапсырыстар түсе бастады. Дегенмен, шикізаттың тапшылығы қинайды. Өндіріске қажетті волокно Жапония мен АҚШ-тан тасымалданады. Полиэтилен, бояулар, өзге де қажетті дүниелер Еуропа елдерінен жеткізіледі.

«Осы шикізаттың біразын Қазақстаннан тапсақ, өнімнің өтімділігіне, бағасының арзандауына ықпалы болар еді» деді өндіріс орнының басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button