Жарнама
Жаңалықтар

Атыраудағы автогаз және жанар-жағармай құю бекеттері тексеріледі

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында қала және аудан әкімдіктеріне өз аумақтарында орналасқан станциялардың тізімін жасақтау, олардың орналасқан жері және қауіпсіздігі бойынша тексеріс жұмыстары тапсырылды. Адам өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, ұсыныстарды әзірлеп, соның аясында жұмыс істеу – жергілікті атқарушы орган мен облыстық төтенше жағдайлап департаментінің алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бүгінде Жылыой ауданы Құлсары қаласы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттің себебін анықтау үшін комиссия жұмыс істеуде. Тергеу ісі бір ай көлемінде жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тағы қосымша уақыт берілмек. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтың айтуынша, өртенген бекет жобалау құжаттарынсыз жұмыс істеген және Азаматтық қорғау туралы заңының 77-бабына сәйкес департаментке тіркелмеген. Мұны мамандар станцияның тұрғын үй секторына жақын орналасуымен байланыстырып отыр.

Аймақ басшысының орынбасары Қайрат Нұртаев жалпы тексеріс жұмыстарын жергілікті атқарушы орган, ТЖД-нің және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізу керектігін айтты.

–Барлық жұмыс заң талаптарына сай істеледі. Қала және аудан әкімдіктері тек газ құю бекетін емес, жанар-жағар май құятын объектілердің барлығын тексеруі керек. Қала бойынша бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы негізгі тізім бар. Бізге қазір адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, комиссиямен аумақтарды қарап, ұсыныс енгізуіміз қажет, — деді Қ.Нұртаев.

Жалпы өңірде 125 жанар-жағармай құю бекеті бар. Одан бөлек 101 бекет автогаз сатады. Олардың 56-сы Атырауда орналасса, қалған 45 станция аудандарға тиесілі.

Жиын барысында өңірде тіркелген дала өрттеріне қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтқанда, аудандардағы орман шаруашылығы мекемелерінің жұмысы сөз болды. Құрманғазы ауданында орман алқаптарын ұлғайту мақсатында қосымша 500 гектар жер бөлініп жатыр. Осы жылдың күзінен бастап сол учаскелерге тал-терек егілмек. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов биыл Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарына өрт мұнарасы қойылатынын айтты. Және өрт сөндіру көліктері мен 4 дрон сатып алу жоспарланып отыр.

Қайрат Нұртаев жиынға қатысқан «Ақжайық» МТР басшылығына жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жұмыс істеуді және дронмен резерват аумағын күнделікті бақылап отыруды тапсырды. Аумақта заңға қайшы іс-әрекеттерге барған азаматтарға қатысты құзырлы орган өкілдерімен бірлесе қажетті шараны қабылдап, бұл жөніндегі мәліметті көптің назарына ұсынып, ақпараттық жұмысты күшейту керектігін айтты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button