Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Атыраудағы «Аналар үйінде» кімдер тұрады?

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Осыдан бес жыл бұрын Атырауда ашылған «Аналар үйінің» негізгі діттеген мақсаты да осы. Яғни, әр бөбек анасымен бірге бақытты ортада болуы тиіс.

Өмірдің түрлі қиындықтарына тап болғандарға қолдау білдіретін бірден-бір орын жайлы толығырақ білмек болып, осы мекемеге арнайы бас сұқтық. Қоғамдық қордың үйлестірушісі Гүлфариза Ғұбашевамен бірге ғимаратты аралап шықтық.

Ас үй, демалыс орталығы, медбике бөлмесі, жайлы жатын бөлмелер, балалар ойын бөлмесі, барлығы да соңғы үлгіде толық жабдықталған. Біз бөбектердің тамақтанар уақытына дәл келіппіз, қаз-қатар тізілген шағын үстелдерде балалар алаңсыз ас ішіп жатты. «Сонда сіздерге келудің шарттары қандай?» дейміз біз.

«Біздің орталық 15 адамға лайықталған, қазір 9 қорғаншымыз бар. Алты ай жүктіліктен бастап, бір жарым жастағы балалары бар аналарға қолдау көрсетеміз. Арнайы шарт жасасып, ішкі талаптарымызға сай келсе, біз қабылдаймыз» дейді Гүлфариза Дендерқызы бізбен әңгіме барысында.

– Мұнда қорғаншыларымызға оқуға, яғни, арнайы курстардан өтуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, компьютерлік сауаттылыққа үйрету сыныбы, шағын тігін цехымыз да бар. Гүлжан Асқарова есімді тігін курсының жетекшісі айына 48 сағат дәріс беріп, қыздарымызды тігін ісіне баулиды. Ал, жұмысқа орналасқандары жалақыларынан немесе бала ақшасының шетінен «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкінен» шот ашады. Сәбилерін балабақша кезегіне қойып, өздері де пәтер кезегіне тіркеле алады, –дейді Г.Ғұбашева.

Атыраудағы қоғамдық қор – республика көлеміндегі 25 үйдің бірі. Орталығы Астанада, барлық мәселе сол жақта шешіледі. Орталықтандырылған меценаттар қоры арқылы қаржыландырылатын қоғамдық ұйым жергілікті кәсіпкерлердің де назарынан тыс қалған емес. Бұл жабық мекеме емес. Кездесулерге де мүмкіндік бар.

Мұндағылар далаға шығып, қасындағы қорғаншылармен келісе отырып, кейбіреуі жұмысқа да барып келе алады. Шағын ғана ұжымда медбике мен психологтың жұмысы орасан, мәні де зор.

Алайда, аталмыш мекемені өзінің екінші үйіне айналдырған Гүлфариза Дендерқызы – әмбебап маман, мекемедегі бар бөбектің әжесі, ал, қорғаншы қыздардың – анасы.

«Әр келген адамның өз тағдыры болады. Көбіне күйзелісте келеді. Тұйықталып, сөйлеспей де жүреді. Ашушаң, ызалы да болады. Солардың басындағы оқиғалардың барлығын тыңдап, оң шешім табуына жәрдемдесу – менің тікелей міндетім.

Әр қорғаншының ішкі жағдайын көзінен-ақ ұғынамын. Бірге күліп, бірге жылаймын. Көбіне бізге жаңа босанған, яғни, бірінші рет ана атанып отырғандар келеді. Соларға баланы қалай шомылдыру, емізу, бесікке бөлеу керектігін де үйретемін. Осындай іс-әрекеттеріме қарай, іштегі қыздар мені «мамка», «ене» деп те айтып жатады» дейді күліп.

2015 жылдың басынан бері осы қызметті атқарып отырған Гүлфариза Дендерқызының алдынан 112 ана өткен. Уақыты бітіп, орталықтан шыққаннан кейін де олармен байланыс орнатып, алға қарай өмірлерінің дұрыс бағытталуына септесіп отырады.

Айта кетелік, осы орталықтан кеткендердің бірдебіреуі балаларын жетімдер үйіне тапсырмаған. Міне, мекеме жұмысының нағыз нәтижесі осы емес пе?! Байқағанымыздай, орталықтағылардың көбі өрімдей жастар, әрі қазақ қыздары. «Неліктен осылай?» деген сауалымызға «Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда қорғаншылардың біреуі өзбек ұлтынан, қалғандары – өз қыздарымыз.

Тағы бір мәселе – көпшілігі ауылдан. Негізгі себептері – әке-шешесі «бетіме салық болдың, баланы алдыртып таста» деп қарсылық білдірген. Сонымен қатар, көпшілігі отбасылы ер-азаматтардан жүкті болып отыр. Қазақы менталитетімізді қанша жерден дұрыс десек те, іштен шыққан балаңды бір шалыс қадамға бола сыртқа теуіп, бас тарту дұрыс емес деп ойлаймын. Біз осындай мәселемен келген қыздарымыздың ата-аналарымен де жұмыс жасаймыз. Әңгімелесіп, мән-жайды түсіндіреміз.

«Әкесінің ашуы қайтар, қызымды алып кетейін» дейтін аналар да жоқ емес» дейді әңгімелесушіміз.

Орталыққа құқық қорғау саласының, соның ішінде, заңгерлердің көмегі ауадай қажет. Сала мамандарының араласуымен кейбір қорғаншылар өз қалаулары бойынша балаларының биологиялық әкелерінен алимент өндіруге де қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, кейбір кезде орталыққа кәмелетке толмаған жас қыздар да келеді. Олардың заңгерге жүгінетін тұстары көп. Әңгімемізді бейтаныс нөмірден шалынған қоңырау бөліп жіберді. Тұтқаның ар жағындағы адам өзінің жағдайын айтып, көмек сұрауда. Орталыққа келгісі келетін жан шығар деп ойласақ, қателесіппіз.

«Бізге осындай адамдар да қоңырау шалады. Жаңағы жігіт өзіне жар іздейді. «Үйленбегенмін, жасым біразға келді. Отбасын құруға ниетті жан болса, баласымен бірге алар едім» деп жағдайын айтып жатыр.

Бұл біздің тәжірибемізде бірінші рет емес. Кейбір кезде бойдақ жігіттердің аналары, әпкелері телефон шалып, осындай ұсыныстар білдіреді. Мен ешкімді мәжбүрлемеймін. Қыздарыма айтып көремін, қолдаса, байланыс нөмірлерін беремін. Ары қарай жақсы болып, үйлесіп кетсе, бәрімізге де қуаныш болар еді» дейді Гүлфариза ханым. Өткен жылы орталық құда күтіп, қыз ұзатыпты.

«Қос қызымды өз қолыммен ұзаттым, — дейді Гүлфариза Дендерқызы, – Бірінің таңдағаны – баласының биологиялық әкесі. Орталыққа шақырып, сөйлескен соң, өздері үйлесіп осындай шешім шығарыпты, өте қуандық. Ал, енді бірі бұрынғы танысымен бас қосты.

«Өмірлік жарым бол, балаңды өз баламдай қабылдаймын» деген соң, шаңырақ құруға келісімін берді. Әңгімемізді тәмамдап, кетуге жиналдық. Балалар бөлмесінен бесік тербеткен ананың «әлдиі» естіледі. «Сәбидің бәрі бақытты болсыншы!» деген тілекпен қош айтыстық.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

3 Comments

  1. Салеметсиздер ме ! Мен жалгыз басты анамын ,3 балам бар ,аягым ауыр ,омирдин таукыметине байланысты барар жерім басар тауым жок !

  2. 1кызыммен далада кап жатрм.кабылдайсызба

  3. 3 баламмен далада калп жатырм,баратын жерм жок,кабылдайсыздарма?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button