Атырауда жұмысшы жастар бас қосты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмысшы мамандықтарды қолдау қажеттігін айтты. Бұл қадам жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» КҚ «Active youth» жобасы аясында Infinity Event Hall-да аймақтағы жұмысшы жастардың слеті өтті.
–Бұл слет облыстағы жұмысшы жастардың еңбегін бағалау, оларға қолдау көрсету және кәсіби дамуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылуда. Жастар – ел болашағы. Сондықтан оларға әрдайым қолдау көрсетілуі қажет. Аймақта көптеген мәдени, спорттық, интелектуалдық жиындарға белсенді қатысып жүрген жастар аз емес. Кешегі көктемгі су тасқыны кезінде қандай сала болмасын жастардың рөлі ерекше болғандығын атап айту қажет. Бұл үшін алғысымыз шексіз, — деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Жанғалиев.
Слет аясында жастарға кәсіби мамандармен байланыс орнату, өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу және жеке бастамаларын жүзеге асыруға қажетті ақпарат алу мүмкіндіктері ұсынылды.
Тоғжан ЕРМЕК