Атырауда жұмысшы мамандықтары бойынша облыс тұрғындары оқуға шақырылады
Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС арасындағы келісім-шартқа сәйкес бес мамандық бойынша оқу бағдарламасы басталады. Бұл туралы басқарма басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Қазір басқарма мамандары аудандарды аралап, оқуға іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іріктеу қаңтар айының 16-21 аралығында өтеді. Оқуға тек жұмыссыздар ғана емес, өзге азаматтар да өтініш бере алады. Оқу бағдарламасы бес мамандық бойынша жүргізіледі. Олар құбыр монтаждаушы, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, металл конструкцияларды дәнекерлеуші. Оқуға қабылданғандар тегін тамақпен және жатын орынмен қамтылады,-деді А.Мәмбетов.
Айта кетейік, қаңтардың 16-нан бастап, аудандарда іріктеу жұмыстары басталған болатын. Бүгінде Исатай ауданынан 30, Құрманғазыдан 46 және Индерден 31 адамның өтініші қабылданған. Енді мамандар 17-қаңтарда Махамбет ауданына, 18-қаңтарда Қызылқоғаға, 19-қаңтарда Мақат және Жылыой аудандарына барады. Ал 20-шы қаңтарда «АПЕК Петротехникалық жоғары колледж» базасында сағат 9.00-12.00 аралығында қалалық іріктеу жұмысы жүргізіледі.