АТЫРАУДА ЖОҒАЛҒАН 50-ГЕ ЖУЫҚ ЖАСӨСПІРІМ ТАБЫЛДЫ

izobrazhenie 2022 01 20 130017 Жаңалықтар

Атыраулық полицейлер белгісіз бағытта жоғалып кеткен елуге жуық жасөспірімді тауып үйіне жеткізген.

Жасөспірімдердің жоғалуының басты себебі – ата-анасын хабардар етпей үйлерінен кетіп қалуы. Көпшілігі ата-анасымен келіспей қалса, енді бірі олардан көз жазып қалатындар.

Былтыр Атырау қалалық полиция басқармасының  «102» арнасына осы бағытта 46 арыз келіп түскен. Абырой болғанда барлық жасөспірімдерді полиция қызметкерлері аман-есен тауып, ата-аналарына табыстаған.

– Үнемі жоғалатын жасөспірімдер де бар. Мәселен, бір жеткіншек үйінен үш рет кетіп, қайта оралғысы келмеген. Қаңғыбастықпен айналысқан жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онымен қоса, ол Ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жалпы, жасөспірімге қай уақытта да ата-аналар жауапты болуы керек деп есептеймін, – дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Қарамұратов.

Осындай оқиғаларды болдырмас үшін ювеналды полиция өкілдері ата-аналардан балаларына көбірек көңіл бөлуді және балаларының қызығушылықтары мен бос уақытта немен шұғылданатынынан хабардар болуды сұрайды.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ,

облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз