АТЫРАУда ЖАРЫҚ неге ЖИІ өшеді?

rpoprorp Жаңалықтар

БЫЛТЫРҒЫ ЖАҒДАЙ БИЫЛ ТАҒЫ ҚАЙТАЛАНДЫ. ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА ҮШ МӘРТЕ ЖАРЫҚ ӨШТІ. СОНЫҢ СОҢҒЫСЫНДА, АҚПАН АЙЫНЫҢ 8-І КҮНІ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ «САМАЛ», НҰРСАЯ», «АВАНГАРД», «ОРТАЛЫҚ» ШАҒЫНАУДАНДАРЫ, ҚАЛА ІРГЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСКЕР, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛДАРЫ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ.

«Атырау-Жарық» АҚ-ның тете-президенті Мейірбек Ғұбашевтің айтуынша, аталған аумақ тұрғындарынан хабарлама түскен бойда мамандар барып, үзілген кабельдің шетіндегі бекітуші муфтадағы ақауды анықтаған. Соның салдарынан аталған аумақтарға электр қуатын жеткізетін жоғары кернеулі «ВЛ-110 Кв-тық (диспетчерлік атауы «148») кабельді электр желісі істен шыққан. Осыған байланысты, жүйедегі №12, 100-ші қосалқы электр стансалары толықтай және №17 стансаның бірінші секциясы уақытша ток көзінен ажыратылды.

– Орталық диспетчерлік қызметтің шұғыл әрекет ету бригадасы апатты жағдайды дереу қалпына келтіруге кірісті. Оған қосымша «Атырау қалалық электр желілері» мекемесінің мамандары да сол жерден табылды. Резервтегі 147-ші кабельді желіні іске қосу арқылы олар бір сағатқа жетпейтін мезгілде жарықсыз қалған шағынаудандар мен елді мекендерге ток берілуін қамтамасыз етті, – деді Мейірбек Ғұбашев.

Кабельді желінің тұйықталар тұсындағы бекітуші муфтаның не себепті істен шыққандығын анықтау үшін ол ағытылып алынып, арнайы зертханаға техникалық тексеруге жіберілген. Оның пайдаға аспай қалу мүмкіндігі ескеріліп, жаңасымен алмастырып, монтаждау мақсатында Мәскеу қаласындағы зауытқа тапсырыс жолданыпты. Осылайша, жұмысы тоқтаған №17, 12 және 100-ші қосалқы стансалар схемаға сәйкес қайтадан жинақталып, пайдалануға беріліп отыр.

– Жылдар бойына қордаланған проблемаларды шешу мақсатында түрлі шаралар жоспарланған. Алайда, қаладағы қосалқы электр стансаларының толықтай жаңартылмауы ауқымды мәселе туындатуда. Әлі күнге қуаттылығы төмен, ескі қосалқы электр стансалары қолданылып келеді. Біртіндеп жаңартылып жатқанымен, одан түбегейлі құтылудың мүмкіндігі болмауда. Сол себепті, ара-тұра апатты жағдайлардың орын алып, тұтынушылардың жарықсыз қалатын кездерінің қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, – деді «Атырау-Жарық» АҚ тете-президенті.

Желі бойындағы ақау

Енді бұған дейін орын алған апатты жағдайлардың жайын зерделеп көрелік. «Атырау-Жарық» АҚ Атырау қалалық электр желілері кәсіпорнының басшысы Исатай Мұхамбетәлиевтің түсіндіруінше, 4-5 қаңтар күндері облыс орталығында жарық жаппай сөнген. Ал, 14-15 қаңтарда осындай жағдайдың қайталанғаны белгілі. Алғашқысына жаңбырдың толассыз жаууы себепші болса, екіншісіне үздіксіз соққан өкпек жел кері әсер еткен. Соның салдарынан «Атырау» шағынауданы, Томарлы, Алмалы және Бесікті ауылдарының тұрғындары амалсыз қараңғы жерде отырған болатын. Кәсіпорын басшысының айтуынша, апатты жағдайларды толықтай қалпына келтіру көп уақытты алады. Мәселен, қала аумағындағы Еркінқалада жарық сөнсе, әуелі жаяулап-жалпылап жүріп, желінің істен шыққан ақаулы тұсын тауып алу керек. Бір ғана «Авангардтағы» қосалқы стансадан Еркінқала ауылына тартылған желінің ұзындығы 15 шақырымға жуықтайды. Бұл желінің бойында электр қуатын тарататын ондаған трансформатор бар.

«Кісідегінің кілті – аспанда»

Осы трансформаторлардың тең жартысынан астамы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі мен «Атырау-Жарық» АҚ-ның, қалғаны жекелеген нысандардың теңгеріміне берілген. Олардың қатарында жанар-жағармай құю бекеттері, жекеменшік мектепке дейінгі балалар мекемелері, автокөлік жөндеу шеберханалары, мейрамханалар мен дәмханалар, т.б. бар. Егер трансформаторлардың біреуі істен шықса, бүкіл желінің бойында жарық болмай қалады. Сол себепті оның бас-аяғын түгендеп, иелерінен рұқсат алу үшін көп уақыт кетеді. Мысалы, екінші мәрте жарық өшкенде, апатты жағдайға себеп болған ақаулықтардың дені сол жеке иеліктегі бірнеше трансформатордан анықталған. Жөндеу бригадасы барған сәтте олардың қоршауының есіктері жабық тұрып, нысанға кіру мүмкін болмаған.

«Мұның бәрі іске қолбайлау, уақыттың зая кетуіне себепші» дейді кәсіпорын басшысы.

Бүгінде қалалық электр желілерінің иелігіндегі трансформаторлардың жапы саны бірнеше жүзді құрайды. Алайда, бұларды күтіп-ұстау мәселесінде елеулі қиындықтар туындап отыр. «Кісідегінің кілті – аспанда» демекші, әсіресе, жекеменшік нысандағы трансформаторлар көбінесе құлыпта тұратындықтан оларды мезгілінде тексерістен өткізіп, техникалық жағдайын біліп отырудың мүмкіндігі жоқ.

Ескіні жаңартпай, жағдай жақсармайды

Трансформаторлардың көпшілігінің жарамдылық мерзімі өткен. Жыл сайын оның алты-жетеуі жаңартылады. Дегенмен, соның өзі тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандырып, сенімді әрі тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр. Бұдан өзге, тез арада ауыстырылуы тиісті ұзындығы бірнеше ондаған шақырымды құрайтын төменгі кернеудегі кабельдер бар. Сондықтан қала аумағындағы бірнеше ауылдық елді мекендегі ескірген электр желілерін бағандарымен бірге жаңғыртудың қажеттілігі туындауда. Таяу арада 30-ға тарта трансформатор күрделі жөндеуден өткізілуі керек. Мамандар апатты жағдайда жұмыс жасайтын арнайы бригадалардың санын көбейту, оларды техникалық толық жарақтандыру қажет деп санайды. Сонда ғана мәселе оң шешімін табатыны анық.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған: Дәурен Мұхамбеталиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз