Атырауда жаңарған пошта бөлімшесінде жаңаша қызмет көрсетіледі
Ғимараты реконструкциядан және күрделі жөндеуден өткен Атырау қаласы маңындағы Ракуша ауылында орналасқан нөмірі 22-ші пошта байланысы бөлімшесі қайтадан ашылды.
«Қазпошта» АҚ-на қарасты бұл учаскеде Ракуша мен Балауса елдімекендерінің үш мың тұрғыны қамтылады.
Акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Гүлмира Аюпованың айтуынша, бүгінгі таңда қала бойынша барлығы он ауылдық пошта байланысы бөлімшесі жұмыс жасайды. Мүмкіндігіне қарай олардың бәрі де біртіндеп жаңғыртылатын болады.
-Ауылда халыққа қызмет көрсететін осындай мекеменің болуы өте маңызды. Өйткені, жергілікті тұрғындар ауылдан ұзап шықпай-ақ, бұған дейін қызмет көрсету орталықтарында ғана қолжетімді болып келген 50-ден астам мемлекеттік қызмет түрін пайдалана алады. Яғни, оларға сондай мүмкіндік туғызылып отыр. Соның өзінде, бұл тізімге бұрыннан бар зейнетақы мен жәрдемақы беру, мерзімді басылымдарға жаздыру, сондай-ақ баспа өнімдерін сату сияқты дәстүрлі қызмет түрлері кірмегенін айтсақ та артық емес, — деді ол.
Мұндай жағымды жаңалық пен қамқорлыққа ауылдықтар да дән риза.
Дәулетқали АРУЕВ