
Атырауда жаңадан бөбекжай-бақшасы ашылды
Бүгін Атырау қаласында “Бәйтерек” бөбекжай-бақшасы ашылды. Шаһардың Белинский көшесі 21 мекен-жайында орналасқан балабақшаның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, жиналғандарды айтулы шарамен құттықтады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
-Жыл аяғында өңірде көптеген құрылыс нысандары аяқталып, ел игілігіне табысталуда! Кешеден бері облыстың түкпір-түкпірінде, аудандарда осындай салтанатты шаралар өтуде. Жылыой ауданында үлкен аурухана, мәдениет үйлері мен спорттық нысандар пайдалануға берілді. Бүгіннің өзінде облыс орталығында үш балабақша ашылуда. Мұның барлығы халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған игі шаралар. Биылдың өзінде 2500-ге жуық баланы мектепке дейінгі ұйыммен қамту жоспарын орындап келеміз. Алдағы бес жылдық жоспар бойынша, балаларды толықтай балабақшамен қамтуды көздеп отырмыз, — деді Жасұлан Орақұлы.
Балабақша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде “Серпін” ЖШС-мен бірлесе салынған.

Айта кетелік, 290 орынға арналған балабақша құрылысын “Каспий Құрылыс ЛТД” ЖШС жүргізген. Екі қатарлы нысанда балалар 12 топқа бөлініп тәрбиеленетін болады.
Мәлике Қуанышева