Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда ескі саябақтар жаңғыртылмақ

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Жамағатқа жағымды жаңалықтың бірі ретінде Атырау қаласының аумағындағы Геолог елді мекенінде салынып жатқан саябақты айтуға болар еді. Бұған ауылдың белсенді жастары бастамашы болып отыр.

Осы орайда, игілікті іске ұйытқы болған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Олжас Сүлейменовтың айтуынша, жаңа нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары «Каспийдормостострой» компаниясы, «Арнаулы көлік базасы» ЖШС-нің күшімен, сондай-ақ азаматтық кеңес мүшелері және еріктілердің қолдауымен жүргізілуде.Ал, жұмыстың барысы қала басшылығының тікелей бақылауында. Алдымен, саябақтың қоршауын тұрғызу үшін соқаларды орнатуға арналған 200 шұңқыр қазылыпған.

Жобаның жүзеге асырылуына алғашқылар қатарында қолдау білдіргендердің бірі – жеке кәсіпкер, волонтерлер тобының жетекшісі Руслан Күмісқалиев. Өз кезегінде, оның ұжымындағы жігіттер құрылысқа тартылған  техникаларды күзетіп, қажетті материалдармен, жұмысшыларды түстікпен қамтамасыз етуді міндетіне алған. Айтпақшы, бұл азаматтың осыған дейін де түрлі бағыттағы әлеуметтік маңызды жобаларға қатысып жүргенінен хабарлымыз.

–Әуелі саябақ салынатын ыңғайлы жерді іздестердік. Ал, мұның өзі оңай шешіле қоятын шаруа еместігі белгілі. Белсенді жастар жиналып, бұл ойымызды қала әкімдігіне жеткіздік. Бізді шаһар басшысы Қайрат Оразбаевтың өзі қолдап,  көмектесуге әзір екенін мәлімдеді. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, тәуекелге бел буып, іске кірістік. Көп кешікпей «Каспийдормостострой» мен «Арнаулы көлік базасы» мекемелерінен техникалар мен қол күші келді, — дейді Руслан Күмісқалиев.

Жобада көрсетілгендей, саябақта 4 000 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Болашақта, жас өскіндерді баптап-күтумен ерікті жастар айналыспақшы. Құрылыстың енді ғана жандана бастағанына қарамастан, мұнда қойылатын арқалы отырғыштар мен түнгі жарықтандыру бағаналары, мәдени-көпшілік шараларды өткізуге керекті музықалық құрал-жабдықтар да сатып алынған.

Нақтылай кетсек, нысан құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілгесін саябақта аптаның демалыс күндерінде ұлттық музыка кештерін, ретро-концерттер мен дискотекалар өткізу ойластырылған. Оның үстіне, жаңа жобанығң бастамашылары ауылдағы бұрынғы саябақты да қайта жаңғыртпақшы. Осы мақсатта былтыр онда 40 талшыбық  отырғызылса, биыл тағы да 100 тал егілмекші. Мұнымен қоса, ескі саябақта өспей қалған ағаш бұталарын кесіп, ішін тазарту, қоршауын жаңалау жұмыстары қатар атқарылуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button