Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда жаңа микробіліктілік бағдарламасы іске қосылды

Қазіргі жаһандық еңбек нарығының талабына сай, мамандардан тек теориялық білім ғана емес, нақты кәсіби дағды мен икемділік талап етіледі. Осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті болашақ түлектерге жаңа мүмкіндіктер ұсынатын тың бастаманы қолға алды. Университет пен Қаржылық мониторинг агенттігінің бірлесуімен «Экономикалық қылмыстарды тергеу» тақырыбында арнайы микробіліктілік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

ae6a6cd9 6fcc 465e 89a7 6fe7f6191397


Бұл шағын білім беру жобасы студенттерге экономикалық қауіпсіздік, тергеу әдістері мен құқықтық саланың өзекті қырларын меңгеруге жол ашады. Аталған жоба аясында өткізілген алғашқы кездесуге Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері онлайн форматта қатысып, бағдарламаның басталу барысына тікелей бақылау жасады.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров бұл бастаманың тек білім алуға емес, сонымен бірге болашақ кәсіби жолды дұрыс бағдарлауға да мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, микробіліктілік қысқа мерзім ішінде нақты бір салада терең дағды мен білім беру арқылы жастарды еңбек нарығына бейімдейді. «Қаржылық мониторинг агенттігімен тығыз әріптестікте жүзеге асып жатқан бұл бағдарлама теория мен практиканы шебер ұштастыру арқылы студенттерге мол мүмкіндік ұсынатын үлгілі жоба. Ең бастысы, ол ел экономикасының қауіпсіздігін қорғауға бағытталған кәсіби кадрларды даярлаудың нақты қадамы» деді ол алғысөзінде.
Жоба тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибеге басымдық берілуімен ерекшеленеді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Әнесов өз пікірін білдіріп, бағдарламаның Батыс өңірінде алғаш рет Атырауда іске қосылғанын жеткізді.


– Мұндай бағыттағы білім беру тәжірибесі елімізде енді қалыптасып келеді. Ал Атырау университетінде қолға алынған бұл жоба студенттерге кәсіби саланы осы бастан дұрыс таңдауына мүмкіндік береді. Қыркүйек айының басында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүгін 47 үміткермен сұхбат өткізіледі. Соның ішінде 20 студент іріктеліп алынады. Алдағы 15 апта бойы олар тереңдетілген теориялық және практикалық курстардан өтеді. Сабақтарға университет профессорларымен бірге тәжірибелі тергеушілер де қатысады, — деді ол.

Бағдарламаның қабылдау талаптары да нақты және ашық. Іріктеу кезеңінде студенттердің жалпы дайындық деңгейі мен кәсіби бейімділігіне ерекше назар аударылады. Бұл жөнінде департаменттің әкімшілік басқармасының басшысы Алтынгүл Уркинғалиева егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, студенттер GPI тестілеуінен, жеке сұхбат пен денсаулық жағдайына қатысты тексеруден өтеді.

– Қазіргі таңда құқық қорғау саласында мамандарға деген сұраныс жоғары. Әсіресе, экономикалық қылмыстармен күрес бағытында білікті тергеушілер тапшы. Сондықтан бұл бағдарлама тек студенттер үшін ғана емес, бүкіл сала үшін маңызды. Оқу барысында студенттер нақты істер негізінде кейстер шешуді, тергеу әрекеттерін модельдеуді, қылмыстық іс құжаттарын рәсімдеуді үйренеді. Сонымен қатар, электрондық сервистермен, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер департамент базасында тағылымдамадан өтіп, үздіктері конкурссыз жұмысқа қабылдану мүмкіндігіне ие болады, — деді А.Уркинғалиева.

Жастардың талпынысы

Оқуды толық аяқтаған түлектерге «Экономикалық қылмыстарды тергеу» біліктілігі бойынша арнайы сертификат табысталады. Сондықтан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құқық» және «Бизнес» мамандығына оқитын III-IV курс студенттерінің бұл мүмкіндіктен үміттері зор. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген студенттердің қатарында Марлен Дошкан мен Әсел Самат та бар. Екеуі де «Құқық» факультетінің IV курс студенттері және болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткен.

d583285d de90 4f35 a8a8 df5a8109cad4

– Бұл бағдарлама жай ғана оқу курсы емес, болашақ маман ретінде өзіңді сынап көруге берілетін мүмкіндік. Тергеу ісі мені әрқашан қызықтыратын. Себебі бұл салада тек білім емес, батылдық пен әділеттілікке деген адалдық та қажет. Сол қасиеттерді өз бойымнан көргім келеді, — дейді Марлен Дошкан.

Ал Әсел Самат бағдарламаның практикалық бағытына ерекше қызығушылық танытып отыр.

– Университет қабырғасында алған білімімізді тәжірибе жүзінде ұштастыра алсақ, ол үлкен жетістік. Экономикалық қылмыстармен күресу елдің қаржылық тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды. Болашақта осы салада еңбек етіп, елімнің дамуына өз үлесімді қосуды армандаймын, — дейді студент.

Студенттердің сөзінен байқауға болады, бұл бағдарлама жастардың бойындағы азаматтық жауапкершілікті оятып қана қоймай, кәсіби болашаққа нақты қадам жасауына жол ашады.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button