Атырауда жанұялық типтік балалар ауылы салынады
Atr.kz/20-ақпан. Атырау қаласындағы мектептердегі басты мәселенің бірі – орын тапшылығы.
Бүгінде облыс орталығында – 13, Қызылқоға ауданында 1 мектеп үш ауысыммен оқиды. Бұл жағдайдың себебін демографиялық өсімнің артуымен және экономикалық-әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығымен байланыстырған облыс басшысы проблеманы шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Құлсары қаласындағы 300 орындық №5 орта мектептің құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталса, Атырау қаласының Жұмыскер ауылындағы 300 орындық Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп үшін республикалық бюджеттен қаражат қаралды, құрылысы биыл басталады. Бұдан басқа, Атырау қаласындағы 160 орындық М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің және Индер ауданындағы 320 орындық Қ.Есқалиев атындағы орта мектебі құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда» деді Нұрлан Ноғаев.
Ендігі уақытта Атырау қаласында 25 орындық Жасөспірімдер үйінің, жанұялық типтік балалар ауылының құрылыстары салынады. Атырау политехникалық колледждің – 150, Көлік және коммуникация колледжі мен Индустриалды колледждің әрқайсысы – 100, Индербор кентінде көп бейімді ауыл шаруашылығы колледжі үшін – 100, Құлсары қаласында Жылыой технологиялық мұнай және газ колледжіне 60 орындық жатақханаларының және Құрманғазы ауданындағы Балқұдық орта мектебіне асхана құрылыстарының жұмысы жүргізіледі. Аймақтағы білім беру жүйесінің осындай жайы мен негізгі проблемаларына тоқталған Нұрлан Асқарұлы облыс педагогтарына сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыруды да тапсырды.