Атырауда зауыттан шығатын ағынды суды кәріздік тазарту стансасына жіберу туралы келіссөздер жалғасуда
Атырау мұнай өңдеу зауыты бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылады. Зауыттың бас директоры Ғалымжан Жусанбаев еңбек ұжымымен есеп беру кездесуінде аталған уақыттағы негізгі көрсеткіштерін таныстырып, жыл соңына дейінгі басты міндеттерді нақтылады.
Бандамада Ғ.Жусанбаев су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимінің зауыт жұмысына кері әсері болмағанын атап өтті. Алғашқы алты айда кәсіпорында 2 млн. 911 мың тонна шикі мұнай өңделді. Тауарлық өнім шығару көлемі 2 млн. 632 мың тоннаны құрады, оның ішінде автобензиндер – 786,8 мың. тонна; дизель отыны – 879,9 мың. тонна; әуе отыны – 95,3 мың. тонна; сұйытылған газ – 106,0 мың. тонна. Өңделген шикізаттың жалпы көлемінің 68,6%-ы ашық түсті мұнай өнімдеріне тиесілі.
Бірінші жартыжылдықта АМӨЗ-де жазатайым оқиға орын алған жоқ. Еңбек қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша компания үш мұнай өңдеу зауытының ішінде бірінші орында тұр.
Жиында экологиялық көрсеткіштерге де ерекше назар аударылды. Қаңтар-маусым аралығында АМӨЗ атмосфераға 5 357 тонна ластаушы зат шығарды. Бұл 16 224 тоннаны құрайтын шекті көрсеткіштен 3 есе аз.
Ал, Tazalyq жобасына келер болсақ, биыл мамыр айында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау аяқталды. Қазір тазарту кешені толық қуатында жұмыс істеуде. Булану алаңдарының 3 және 4 секторларын рекультивациялау жұмыстары әзірге тоқтап тұр. АМӨЗ бен Атырау облысы әкімдігі арасында зауыттан шығатын ағынды суларды қалалық кәріздік тазарту стансасына жіберу туралы келіссөздер жалғасуда.
Баяндама соңында Ғалымжан Жусанбаев зауыттықтарды алға қойылған тапсырмаларды ойдағыдай орындау үшін бар күш-жігерді салуға шақырды. Кәсіпорын басшысы ҚР Энергетика министрлігімен бекітілген жоспарға сәйкес биыл шикі мұнай өңдеу көлемін 5 млн. 500 мың тоннаға жеткізудің маңызды екенін атап өтті.
«Күзде жыл сайынғы жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіледі. Жауапты қызмет басшыларынан даярлық шараларына және негізгі жөндеу жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырамын», – деді Ғ.Жусанбаев.