Атырауда заманауи жол зертханасы ашылды
Бүгін Атырау қаласында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Атырау облыстық филиалының жаңа ғимараты ашылды.
Заманауи үлгідегі жол зертханасы бар нысанның ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағынов және «ҚазАвтожол»АҚ, «ҚазақАвтоЖол» ЖШС өкілдері мен жол саласының ардагерлері арнайы келді.
Заманауи ғимараттың зертханасы аккредитация бойынша дүниежүзілік ІСО-17025 стандартының талаптарына сай. Сонымен қатар, ғимаратта мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Киінетін, спорттық бөлмелер, ас үй, коворкинг орталық, конференц зал бар. Болашақта техникалық бақылаушылар, мердігер мекеме және жол саласындағы атқарушы билік өкілдерін оқытуға, тәжірибе алмасуға, студенттерге ашық есік күнін ұйымдастырып, тәжірибеден өткізуге мүмкіндік мол.
Зертхана жұмысының басты міндеті: республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жол құрылысы жұмыстарының сапасы және пайдаланатын жол құрылыс материалдарын сараптамадан өткізу.
Және де филиалда жылжымалы жол зертханасы автокөлігімен құрылыс жұмыстары аяқталған жол телімдерінің, және жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының сапасын тексереді. Сонымен қатар, кеңсе ауласында жылжымалы зертхана көлігі үшін жылы бокстер қарастырылған.
Ұлттық сапа орталығының негізгі мақсаты — еліміздегі автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарды тексеру, жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасын сараптау, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу, автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық тексеруден өткізу. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігіне мониторинг жасау.
Филиал алғаш құрылған жылы республикалық және облыстық деңгейдегі 39 жолды ғана тексерсе, жыл сайын нысан саны артып келеді. Мекеме биыл Атырау облысы аумағындағы 79 жолды өз бақылауына алды. 4 жылдан астам уақыт ішінде филиал мамандары 341 нысанға 3612 рет тексеріске шығып, мыңнан астам /1038 / ақау анықтады.
Оның 247-сі өрескел. Ал, жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 5903 сынама алып, зертханада тексерілді.
Нәтижесінде 900 сынаманың ҚР стандарттарына сәйкес еместігі анықталды. Осы уақыт ішінде филиал мамандарының анықтауымен жолдың 90 263 шаршы метр кедір-бұдырлы беті өңделді, 14 584 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы, 5896 шаршы метр жол негізі, 631 текше метр темір бетонды құрылым, 775 көпір құрылымы қайта салынды. Жалпы соммасы 357 млн. теңгенің жұмысы мердігерлер есебінен жасалды. Филиал жол сапасын бақылаумен қатар, жол саласындағы кәсіби маман тапшылығын жою мақсатында «2000 мектеп» акциясын белсенді ұйымдастырады.
Филиал зертханасында тоқсан сайын мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Ашық есік» күні ұйымдастырылады. Филиалда жыл сайын 5 студент жаз мезгілінде ақылы тәжірибеден өтеді, уақытша жұмыспен қамтылады.
Филал қызметкерлерінің міндеті айқын. Еліміздегі сапалы жол — сапалы болашақ пен жарқын өмір кепілі.