Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Облыста ерекше оқиға орын алып, Құрманғазы ауданының тұрғындары Мұрабек Құмаров пен Арай Ерғалиева үшемнің ата-анасы атанды. Үшемнің дүниеге келуі сирек құбылыс болып саналады.

28 жастағы Арай Ерғалиева мен оның жұбайы Мұрабек Құмаров бұған дейін бір ұл мен бір қыздың ата-анасы болған. Осылайша, жас отбасы бір күнде көпбалалы болды. Балаларға атасы Салық Испергенов Нұрмұхамед, Нұрислам және Нұримам деген есімдер беріп, отбасының қуанышы еселенді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев атап өткендей, соңғы үш жылда аймақта бұл — үшінші үшем, ал 2024 жылы туған екінші үшем болып тіркелген. Жыл сайын облыс бойынша 160-170 егіз дүниеге келсе, үшемнің тууы өте сирек кездесетін жағдай.

– Үшемнің дүниеге келуі – аймақ үшін маңызды әрі ерекше қуаныш. Жас ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы, олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады, – деді Қайсар Абдалиев.

Үшемнің атасы Салық Испергенов те өз қуанышымен бөлісіп, әулетте алғаш рет үшемнің дүниеге келгенін атап айтты. Бұған дейін отбасыда егіздер болғанымен, үшем алғаш рет туылып отыр. Атасы денсаулық сақтау басқармасына және дәрігерлерге алғысын білдіріп, сәбилердің дені сау болып өсуіне тілектестік білдірді.

Үшемнің салмағы шамамен 2 жарым келіге жуық.

Сәбилердің анасы Арай Ерғалиева мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Жас ана өзінің ана бақытын сезініп, нәрестелерінің тыныш және тынымды екенін айтты.

– Бұл — ерекше бақыт. Сәбилерімнің аман-есен дүниеге келгеніне және дәрігерлердің қолдауы үшін зор алғысымды білдіремін. Баршаңызға ризашылығым шексіз, – деді Арай Ерғалиева.

Перзентханадан шығару рәсіміне бүкіл әулет жиналып, үлкен қуанышпен бөлісті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы сәбилерге арнайы сыйлықтар табыстап, көп балалы отбасына қолдау көрсетті.

Бұл оқиға тек Құмаровтар отбасы үшін ғана емес, бүкіл Атырау аймағы үшін ерекше қуаныш болды. Үшемнің дүниеге келуі – нағыз бақыт пен демографияға қосылған үлкен үлес.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button